ДӘРІГЕРЛЕР КОВИДТІҢ ЕКІ КОМПОНЕНТТІ ЕКПЕСІН САЛДЫРЫП ЖАТЫР

Уақыты: 09.03.2021
Оқылды: 1162
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарасай ауданында қауіпті дертпен күресте алғы шепте жүрген дәрігерлер вакциналаудың бірінші кезеңінен өтіп, енді екінші компонентін алуда. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

- Алғашқы болып 550 медицина қызметкерлері ресейлік «Спутник – V» вакцинасын қабылдаған болатын, – дейді аудандық аурухана директорының орынбасары Максим Стадников бізге берген сұхбатында. – Араға үш апта салып екпенің екінші компонентін егуді бастадық. Бүгіндері 230 адам вакцина қабылдап үлгерді. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізілетін болады. Жоспар бойынша шілде айына дейін тұрғындардың негізгі бөлігі тәжді тажалға қарсы екпе алып үлгеруі керек.

Еліміздегі қатерлі індетпен күресу бағдарламасына сәйкес, ендігі вакцинациялауға мұғалімдер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, халықтың өзге де топтары тартылатын болады. Осы үшін ауданға «Спутник – V» вакцинасының тағы 800 данасы жеткізілген. Бұл жауапты жұмысқа аудан дәрігерлері үлкен дайындықпен келіп отырғанын байқадық. Екпе жасайтын бөлмелер, алдын-ала тексеруден өткізетін мамандар, вакцина алғаннан кейінге дәрігерлік бақылау жұмыстары жолға қойылған. Әзірге ем қабылдағандардың ішінде сырқатқа шалдыққандар, дәрінің кері әсеріне ұшырағандар тіркелмеген.

- Әрине, электронды ақпарат көздеріндегі екпеге қарсы пікірлердің ықпалына ұшырағандар да кездесіп қалады, – дейді Максим Александрович. – Вакциналаудан бас тартып жатқандар да солар. Алайда ондай жандардың қатары көп емес. Сондықтан бұл жұмыс нәтижелі жүргізіледі деп сенемін.

Айта кетерлігі, алғашқы вакциналар Ресейден жеткізілсе, алдағы күндері отандық дәрі де қолданысқа енгізіледі екен. Демек, әлемді әбігерге салған тәжді тажал көп ұзамай ауыздықталады дееген үмітіміз бар.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан