БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСТАРЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ НЕДЕ? ӘДІСКЕР ЖАУАБЫ

Уақыты: 11.03.2021
Оқылды: 6489
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Біліктілікті арттыру – мұғалімнің өз қызметін нәтижелі атқаруы үшін және кәсіби деңгейін көтеру мақсатында арнайы оқу бағдарламалары арқылы оқыту, кәсіби даму іс-шараларына қатыстыру және өз білімін көтеру. Осыған орай, Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: «Біліктілікті арттыру курстары бағдарламаларының мазмұны педагогикалық қызметтің барлық түрлерін іске асыру үшін педагогке қажетті пәндік, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік және басқа да құзыреттердің оңтайлы ара қатынасын қамтитын болады», – деп нақты айтылған.

Педагогтердің біліктілігін арттыру – оқыту және оқыту сапасын арттыру үшін жаңа білім алуға, сондай-ақ бұрын алған кәсіби білімдерін, біліктерін, дағдылары мен құзыреттерін қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны.

Білім сапасына қол жеткізу үшін біліктілікті жетілдіру үдерісін бүгінгі күн талабына сай жаңаша ұйымдастыру мақсатында "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының филиалы Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты, Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын Республикалық институты, "Бөбек" Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру, сауықтыру орталығы, «Түзеу педагогикасы» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан өткізіліп жатқан көптеген қысқа және ұзақ мерзімді курс, ДББҰ бағдарламасына негізделген деңгейлік курс, орта білім мазмұнын жаңарту аясында ұйымдастырылған біліктілік арттыру курстары педагогтардың кәсіби даярлығын арттырып, баланың әрекетін ұйымдастыра алу шеберлігін шыңдауындағы маңызы өте зор. Қазіргі таңда біліктілік арттыру курстары түгелімен онлайн режимде өткізілуде.

«Өрлеу» «БАҰО» ұйымдастырған «Blended Learning» режиміндегі курс тыңдаушыларға өндірістен қол үзбей өз бетімен білім алуға, дәстүрлі әдістемелер мен өзекті технологияларды біріктіруге, жұмысты өз бетінше ұйымдастыруға және жоспарлауға, білім алуға және талдауға, ақпаратты іздеуге және іріктеуге, шешімдер қабылдауға, жобаларды таныстыру дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Аралас оқу («Blended Learning») – дәстүрлі күндізгі оқу нысанында және қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалана отырып жүргізілетін оқыту технологиясы. Аралас оқу режиміндегі курс күндізгі оқу, қашықтықтан оқу (онлайн), өз бетімен оқу (офлайн) деп аталатын үш кезеңнен тұрады.

ТЖ және карантин кезеңінде мұғалімдер қашықтықтан оқыту форматына көшті. Жаңа оқу жылына арналған жоспарлар жарияланып, бірінші тоқсан нақты қашықтықтан өткізілетіндіктен, үкіметтік деңгейде мұғалімдерге «Қашықтан оқытуды үйренемін» курсын бастау туралы шешім қабылданып, «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» онлайн-курсы кезең-кезеңімен тегін оқытуды қарастырды.

Курстың артықшылығы оқушылар ресейлік stepik.org платформасына кез-келген ыңғайлы уақытта кіре алатындығында. Қашықтан оқытудың уақыт пен кеңістікке тәуелсіз үдеріс екеніне, сандық технологиялар арқылы өз бетінше үздіксіз білім алып, сан алуан ақпаратпен алмасу мүмкіндіктерінің болуына, әлеуметтік жағдайына қарамастан еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім, ғылым жаңалықтарымен танысып, өз бетінше игеру құқығының бар екеніне, сонымен қатар, өзіндік мақсат-міндеттері және оқушыларға өз бетімен оқып-үйренуге негізделген кейс-технологиялардың тиімділігін арттырудың аса қажеттілігіне тағы бір мәрте көз жеткізді.

Әдістемелік жүйені одан әрі жетілдіруде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тарапынан ұйымдастырылған «Педагогті әдістемелік қолдау», Абай атындағы Қазақ ұлттық университеті өткізген «Білім сапасын қамтамасыз етуде аудандық әдістемелік кабинеттердің ролі» тақырыптарындағы курстардың тиімділігі байқалды. Аталған курстарда тек теориялық білімді жетілдіру ғана емес, әдіскерлер тарапынан көкейде жүрген мәселелерді де бірлесіп шешуге ықпал еткені әр әдіскердің, әр педагогтың жұмыс нәтижесіне деген сенімділігінің нығаюына ықпал етті.

Әрине, қазіргі әлемдік стандарттар үдесінен табылу жолындағы өзгерістерді енгізуде проблемалар да жетерлік. Соның бірі – әлемдік тәжірибені ұлттық менталитетімізге орайластыра енгізу. Адамгершілік идеялардың үндестігіне негізделген реминисценцияның білім беру жүйесіне де оң әсері болары сөзсіз. Бүгінде ДББҰ бағдарламалары тарапынан енгізілген өзгерістердің тиімділігі байқалып келеді.

Бибігүл АХМЕТОВА,

Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскері

Сурет - ғаламтордан