"50-60 НАУҚАСТАН ТҮСТІ": ТАЛҒАРЛЫҚ ДӘРІГЕР АУЫР КҮНДЕРДІ ЕСКЕ АЛДЫ

Уақыты: 16.03.2021
Оқылды: 1100
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеу барысында Талғар ауданында ауқымды іс-шаралар атқарылды. Індет дендегенде ақ желеңді дәрігерлердің уақытпен санаспай, бастарын бәйгеге тігіп жұмыс істегенін жақсы білеміз. Солардың бірі - Талғар аудандық ауруханасының терапия бөлімінің меңгерушісі Сайра Тәлімжанқызы. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

– Бастапқыда індетпен күрестің қиынға соққаны анық. Аудандық ауруханада коронавирустық инфекцияның таралу қаупінің алдын алу бойынша провизорлық бөлімше ашылды. Онда дәрігерлер мен орта буын мамандар күн-түн демей жұмыс істеді. Созылмалы ауруы барларды құтқарып қалу мүмкін емес жағдайлар да кездесті. Бізді өз өміріміз емес, науқастың аман қалуы қатты алаңдатты. Сол жолда қолдан келген емді жасап, Гиппократ антына сай дәрігерлік тәжірибемізді жұмылдырдық. Отбасы, жақындардан алыста жүріп жұмыс істеуге тура келді. Күніне 50-60 науқас түсіп жатты. Олардың арасында жүкті әйелдер де болды, – дейді індет жайлағанда провизорлық бөлімнің меңгерушісі болған Сайра Тәлімжанқызы.

Ел басына күн туған қиын-қыстау шақта әкімшілік қызметкерлері, демеушілер санитарлық- эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға үлкен-кіші демей жұмыла кірісті. Қолдан маска тікті, тамақпен қамтыды, өкпені желдететін аппарат тасыды. Елдің бірлігі, бір-біріне жанашырлық жасауы жағдайды жеңілдетуге, аурудың таралу қаупін бәсеңдетуге септігін тигізді.

Міне, осылай өмір мен өлім күресінде халыққа қалтқысыз қызмет көрсеткен дәрігерлер Әйгерім Абетова, Нұргүл Әлиқұлова, Айсәуле Жақсылықова, Олжас Жұмағазиев, Михайл Кутузов, реаниматологтар Ерболат Шәденов, Болат Түңлікбаев, Ерлан Төлеуов және акушер-гинекологтар Нұргүл Матжанова мен Эльмира Талғатовалардың тынымсыз еңбек еткені ел есінде.

Ұлбосын БӨРІБАЙҚЫЗЫ

Талғар ауданы

Сурет - ғаламтордан

Алматы облысы