АҚСУ ПОЛИЦИЯСЫ ЖАСӨСПІРІМДЕРГЕ АРНАП АШЫҚ ЕСІК КҮНІН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 13.03.2021
Оқылды: 1089
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ақсу ауданының тәртіп сақшылары жасөспірімдерге Ашық есік күнін өткізді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ақсу аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобы жасөспірімдердің арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында мектеп-гимназия оқушыларына  арнап Ашық есік күнін ұйымдастырды. Іс-шарада карантин талаптары толық сақталды. Аталмыш шара аясында кәмелетке толмаған жастарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Онда жастар полицейлердің бір күндік жұмысымен таныс болып, сол арқылы олар әр қылмыстың артында қатал жазаның тұрғанын түсінді.

Полиция бөлімі бойынша экскурсия бөлімнің қақпасындағы бақылау өткізу пунктінен басталып, одан ары полиция бөлімінің кезекші бөлімі жұмысымен танысумен жалғасты. Сонымен қатар, жас жеткіншектер уақытша қамау бөлімімен, тергеушілер бөлмелерімен және  олардың атқаратын қызметтерімен танысты. Экскурсияны Ақсу аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының аға инспекторлары жүргізді.

- Осы тектес іс-шараларды өткізу кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға оң әсер етеді және Отанға қызмет ету мақсатындағы ішкі мәдениетін қалыптастырады. Біз болашақта да жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын-алуға, заңды бұзуға жол бермеуге бағытталған түрлі іс-шара өткізетін боламыз, - деді ювеналды полиция қызметкерлері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"