ТАНЫСЫНЫҢ МАЛЫН ТАЛАН-ТАРАЖҒА САЛҒАН КҮДІКТІ ӨЗ КІНӘСІН МОЙЫНДАДЫ

Уақыты: 14.03.2021
Оқылды: 978
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кербұлақ ауданында танысының малын талан-таражға салған адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл жайында "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кербұлақ ауданының тұрғыны жергілікті полицияға арыз беріп, екі жыл бұрын танысына сеніп тапсырған малдарының жоқ екенін хабарлаған. Алдын ала тексеру кезінде зардап шегуші бірнеше қойы мен қозыларын Малайсары ауылындағы танысына бағып беру мақсатында сеніп тапсырғаны анықталды.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті өз кінәсін мойындады және белгілі себептерге байланысты малдың жоғалғанын айтты. Күдікті тергеу аяқталғанға дейін мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттеме алды, - деді Кербұлақ аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

Зардап шегуші өзінің материалдық шығынын 270 мың теңгеге бағалаған. Егер зардап шегушінің шығынын өтемеген жағдайда күдікті ірі көлемде айыппұлдан бастап 3 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан