МАСЛЕНИЦА МЕРЕКЕСІНЕ ЖИНАЛҒАН КӨПШІЛІК "ІНДЕТ, КЕТ" ДЕП ТІЛЕДІ

Уақыты: 15.03.2021
Оқылды: 1187
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы Достық үйінде славян халықтарының ұлттық мейрамы – Масленица тойланды. Қыспен қоштасып, көктемді қарсы алатын ежелгі дәстүр бойынша барлық қиындық пен жамандық артта қалып, көктемнен жақсылық, ырыс, құт күтеді. Жиылған қауымның барлығы әлемді жайлаған жаман індеттің кетуін тіледі.

Облыстық орыс этномәдени орталығы мен «Славян қозғалысы» қоғамдық бірлестігі келген қонақтарға сый-құрмет көрсетіп, концерттік бағдарлама ұсынды. Қаланың үздік фольклорлық ансамбльдері мен би ұжымдары көрермен көңілін көкке көтерді.

Аталмыш мерекенің ерекшелігін сөз етіп, ыстық ықыласын ақтарған «Қоғамдық келісім» КММ директоры Сандуғаш Дүйсенова қазақ халқы үшін ерекше орын алатын Көрісу күнімен де құттықтады.

Салтанатты жиын санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн өткен байқау жеңімпаздарын марапаттаумен жалғасты. Байқау шарттары бойынша қатысушылар әлеуметтік желіге арнайы хештэгтермен бейнежазба жариялады. Барлығы 100-ге жуық өтінім түсіп, құймақ әзірлеу, сурет салу, көктем туралы ән айту секілді додада озып шыққандарға бағалы сыйлық пен грамота табысталды.

Дәмі тіл үйіретін құймақтан ауыз тиген қатысушылар шарадан соң сыртқа шығып, Масленица тұлыбының дәстүрлі жағылуын тамашалады. Күннің күрт суытуы мен жауған қар көпшіліктің көңілін күпті ете аламады. Керісінше бір-біріне жылы лебіздерін арнап, жақсы сөздермен жан семіртті. Ырым бойынша ренжіскендер татуласып, барлық өпке-наздарын артта қалдыруы керек. Сол себепті бүгін  қатулы қабақтар ашылып, мерекенің мерейін асырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы