АЛАКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ҚҰТҚАРУШЫЛАРЫ 13 АДАМНЫҢ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛДЫ

Уақыты: 23.03.2021
Оқылды: 1012
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының құтқарушылары «Үшарал-Достық» автожолында бірнеше адамды ажалдан арашалап қалды. Олар құтқарушылар болмаса, қар құрсауында қалып, үсік шалып, адасып кетер еді. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Көмек көрсету қажеттілігі туралы бірінші хабарлама Алматы облысының ТЖД-ға таңғы сағат 8.55-те келіп түсті. Онда «Үшарал-Достық» автожолының «Ырғайты» учаскесінде 4 жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойғаны анықталды. Сол жерден құтқарушылар 7 ересек адамды және 5 баланы қауіпсіз орынға эвакуациялады.

Екінші шақыру түнгі сағат 00.52-де келіп түсті, сол трассаның 98 шақырымында бір жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойған. Салонда 1 ересек адам болған. Сағат түнгі 3.00-де Алакөл өңірінің жедел-құтқару жасағының құтқарушылары ер адамды қауіпсіз жерге жеткізді. Құтқарылғандардың ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, ауа райының нашарлауына байланысты (қатты боран, бұрқасын) республикалық маңызы бар «Үшарал-Достық» автожолында (84-тен 184-ші шақырымына дейін) Наурыз мерекесі қарсаңында бірнеше сағатқа барлық автокөлік түрлері үшін жабылған еді.

Алматы облысының ТЖД азаматтардан 112 қызметі беретін СМС-хабарламаларды назардан тыс қалдырмауды сұрайды. Алыс жолға шыққан кезде ауа райы болжамымен танысып, төтенше жағдайларда сізге көмектесетін барлық қажетті заттарды өзіңізбен бірге алып жүруіңіз қажет.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"