ТАЛДЫҚОРҒАН МЕН ТЕКЕЛІ ТҰРҒЫНДАРЫ 2-3 БАЛДЫҚ ЖЕР СІЛКІНІСІН СЕЗДІ

Уақыты: 24.03.2021
Оқылды: 1140
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің сейсмикалық станциялар желісі Алматы уақытымен түскі 13 сағат 03 минутта жер сілкінісін тіркеді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан 249 шақырым жерде, Алматы облысының таулы аумағында орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық класы - 11.2. MPV магнитудасы - 5.2. Эпицентрдің координаттары - 44.83° с.ш. 79.05° в.д. Тереңдігі - 15 шақырым. Сезілетіндігі туралы мәліметтер (МЅК-64 шкаласы бойынша): Талдықорған мен Текелі қалаларында 2-3 балл.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті қираған ғимараттар мен құрбандар туралы хабарлама түспегенін мәлімдеді. Осыған байланысты жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережесін қайта қаперге саламыз. Олар мынадай:

- ғимараттан шығыңыз (сіздің иелігіңізде 15-20 секунд);
- жоғарғы қабаттарда қалған жағдайда баланы құшақтап алып, есік ойығының орнына немесе іргелі қабырғалардан құралған бұрышта орын алып тұрыңыз;
- ешқандай жағдайда терезе жанында тұрмаңыз және балкондардан секірмеңіз.
- ғимараттардан, құрылыстардан, бағаналар мен қоршаулардан алыс тұрыңыз;
- үйге кірмеңіз: дүмпулер қайталануы мүмкін;
- жеделсатыны пайдаланбаңыз;
- сіріңке, шам жағуға болмайды;
- электр сымдарына қол тигізбеңіз;
- зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіңіз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"