БӨЛЕКСАЗ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ КӨШЕ-КӨШЕ БОЛЫП ЖАРЫСТЫ

Уақыты: 28.03.2021
Оқылды: 1043
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бөлексаз ауылында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында «Көше бірлігі – ел бірлігі» атты аналар байқауы болып өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ұлық мерекеміз Наурыз тойына, көктемнің шуақты шаттықтарына арнап өткізілген бұл байқау ауыл тұрғындарының бірлігі мен берекелі тірлігін паш етті. Атап айтқанда, ауылдағы бес көшенің аналары әртүрлі сынақ бойынша өзара бәсекеге түсті.

Әз аналар, әр көшенің алтын келіндері ұлтымыздың сан ғасырдан келе жатқан салт-дәстүрін ұлықтады. Жөн-жоралғыларын жарқыратты. «Отбасы – бақыт мекені», «Қарты бар үйдің қазынасы бар», «Әкем – асқар тауым», «Анам – өмір мәні», «Бала – бақытым» атты тақырыпта бейне-көріністерін қорғап, альбомдарын алға тартты.

Асыл жандар он саусақтарынан шыққан ою-өрнек, тоқыма бұйымдарын, құрақ көрпелерін жайнатып тастады. Аялы алақандарымен жасаған ұлттық дәм-тағамдарын көрсетті. Жиналған қауым әр көшенің аналары дайындаған ұлтымыздың бесікке бөлеу, тоқымқағар, жарыс қазан, тұсаукесер, сәбидің бауырынан табақ алу секілді жөн-жоралғыларын көріп, риза болды. 

Байқаудың қорытындысы бойынша С.Райымжан көшесінің аналары «Данагөй көше» аталымына, С.Әбдімомынов көшесі «Шежірелі көше», О.Нүсіпов көшесі «Шебер көше», Қ.Әбішұлы көшесі «Өнерлі көше» аталымдарына ие болды. Жамбыл көшесінің намысын ту етіп шыққан Құралай Шөкенова, Орынгүл Жетімекова, Зәуре Нақысбекова, Ажаркүл Ынтыбаева, Рысхан Жұмаділқызы атты ақ келіндері «Үздік көше» аталымына қол жеткізіп, мерей асырды.

Әр көшенің аналары лайықты сый-құрметке бөленді. Он саусағы өнерге толы, аналарды ауыл әкімі Жасұлан Өмірзақов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Көнеева, ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы Қызай Бейсенов, ауылдағы аналар кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Бабалиева құттықтап, бар жақсылықты тіледі.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Алматы облысы