ПОЛИЦЕЙЛЕР ҮЙДЕ ҚАРУ-ЖАРАҚ ҰСТАЙТЫН ТҰРҒЫНДАРДЫ ТЕКСЕРДІ

Уақыты: 27.03.2021
Оқылды: 1291
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының полицейлері азаматтық қару иелерінің құжаттарынан 300-ден астам құқықбұзушылықты анықтады. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

«Қару» жедел алдын алу іс-шарасын өткізген Алматы облысының полицейлері 4900-ден астам азаматтық қару иелерін тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерген. Тексеру барысында 370 шаруа қожалық қамтылып, құжаты бар қарулардың сақталу және тасымалдану тәртібі қаралды.

- Арнайы шара барысында 334 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде қаруды тіркеуге қою және сақтау тәртібін сақтамау деректері көп кездеседі. Еш құжаты жоқ 23 қару тәркіленді. Сондай-ақ, қолдан жасалған қару түрлері мен заңсыз оқ-дәрі сақтаудың 10 дерегі әшкереленіп, қылмыстық істер қозғалды, - деді Алматы облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дәулет Молдаханов. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары осы уақытқа дейін мекенжайын анықтау мүмкін болмаған криминалдық есепке алынған 3 қару иесінің тұрғылықты жерін анықтаған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"