ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ - 30 ЖЫЛ: БІР АТАНЫҢ БАЛАСЫНДАЙ ЖҰМЫЛА ЕҢБЕК ЕТЕМІЗ!

Уақыты: 30.03.2021
Оқылды: 880
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еңсесін енді ғана тіктеген ел үшін оңайға соқпады. Сан саланы дамытып, мемлекеттің саяси жүйесін оңтайландыру үшін қыруар жұмыстар күтіп тұр еді. Кеңестік жүйеден тәуелсіз Қазақстан кеңістігіне ауысу үдерісі қарапайым халыққа қиындық тудырды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы зор қуаныш сыйлағанмен: «Ендігі күніміз не болады?» деген алаңдаушылық та жоқ емес еді.

Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жетпіс рет өлшеп, бір рет кескен шешімдері қорқыныш бұлтын ыдыратуға сеп болды. Тәуелсіздікті жариялаған соң араға аз күн салып «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заң қабылданды. Осылайша баршамызға тәуелсіз мемлекеттің азаматы атану бақыты бұйырды. Келесі жылы Қарулы Күштер жасақталып, қауіпсіздігіміз қамтамасыз етілді. Қазақ халқы қасиет тұтқан мемлекеттік рәміздеріміздің бекітілуі де абыройымызды асқақтатты.

1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылдануымыз тарих парағына алтын әріптермен жазылды. Қазақстан Республикасының Конституциясы қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүргізуіне жол ашты. Ұлттық валютаның енуі, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы сынды маңызды қадамдар кемел келешекке бастады. Ал 1995 жылы талай талқылаудан өткеннен кейін 30 мыңға жуық ескерту мен ұсыныс ескеріліп, Конституция мәтініне 1100 түзету енгізілді. Мінекей, атқарылған ауқымды жұмыстардан кейін Қазақстан Республикасының Конституциясы қайта қабылданды.

1992-1995 жылдар аралығындағы дағдарыстан сүрінбей өтіп, экономикалық тұрғыдан көш түзеуімізге жоғарыда көрсетілген саяси шешімдер түрткі болды. Байланыссыз, жарықсыз, жылусыз күн кешкен халықтың жағдайы біртіндеп жақсара түсті. Уақыт өте келе атажұртты аңсап келген қандастарымыздың қарасы көбейді. Зауыт, фабрикалардың бой көтеруі, кәсіпкерлікті өркендету, халықты жұмыспен қамту, мәдени-ағарту ісін ілгерілету секілді жауапкершілігі мол жұмыстар дер кезінде жүзеге асты.

Мен сөз еткен бастамалар тәуелсіздік жылдарында қолға алынған шаралардың бір парасы ғана. Бізді дәл осындай қыруар жұмыс күтіп тұр еді. Қорыта келе айтарым, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еккен дән қазір өз жемісін беруде. Бәсекеге қабілетті, дамыған елдердің қатарына қосылу жолында бір атаның баласындай еңбек ете бермекпіз.

Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,

Алматы облысының мәслихат хатшысы