БАЛҚАШТА МҰЗ ЖАРЫЛЫП, ҮШ БАЛЫҚШЫ КӨЛ ОРТАСЫНДА ҚАЛЫП ҚОЙДЫ

Уақыты: 31.03.2021
Оқылды: 1313
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Үш адам Балқаш көлінің ортасында қалып қойды. Бұл туралы бейнематериал желілерде тарады. Аталған жайтқа Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті түсініктеме берді.

Балқаш көлінің Алматы облысына қарасты аумағында "УАЗ" автокөлігін мінген үш адам көл ортасында қалып қойған. Батыстан соққан жел салдарынан мұз жарылып, балықшылар жағаға жете алмаған.

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 28 наурызда болған. «Көлде қалған азаматтар видео түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеген. Олар ауа райының қолайлы сәтін күтіп, жағаға өз күштерімен шыққан. Үшеуі де Сарқан ауданы, Мұқан Төлебаев ауылының тұрғындары», - деді Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Азамат Жұртбаев.

Төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындардан көктем мезгілінің келуіне байланысты өзен-көл бетіндегі мұзға шығуға болмайтынын ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"