БАЛҚАШ АУДАНЫНДА ПЛАСТИКАЛЫҚ АУ ҚОЛДАНҒАН ЕКІ БАЛЫҚШЫ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 13.04.2021
Оқылды: 848
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Балқаш ауданының тәртіп сақшылары Орақбалға ауылының маңындағы көлдердің бірінен еш рұқсатсыз балық аулаған екі тұрғынды ұстады. Қолданыстағы заң талабын өрескел бұзған екі тұрғыннан балықтармен қатар пластикалық ау тәркіленді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

«Іле-Балқаш» табиғи резерватының инспекторларымен бірлесе отырып, Балқаш көлінің маңындағы көлдердің бірінен 41-43 жастағы екі тұрғын ұсталды. Олардың балық аулау үшін заңмен тыйым салынған пластикалық ауды пайдаланғаны анықталды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Балқаш АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Азамат Абдрахманов.

Тәртіп сақшылары тәркілеген синтетикалық ауларды өртеп жіберсе, 60 келіден астам әртүрлі балықты арнайы қабылдау орындарына өткізді. Қабылдау орындары балықтың қаржысын мемлекет пайдасына аударады.

Табиғат қорғау қызметтері қос тұрғынның мемлекетке келтірген материалдық шығындарын есептеуде. Күдіктілер сотқа дейінгі тергеу кезінде мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды