БАЛҚАШ АУДАНЫНДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ: ӨРТТІҢ ҮШ ОШАҒЫ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 16.04.2021
Оқылды: 1232
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кеше Балқаш ауданы Жиделі ауылдық округінен 25 шақырым жерде құрғақ шөп пен қамыс өртенді. Қазіргі таңда өрттің аумағы белгіленді. Өрттің шаруа қожалықтарына және жеке демалыс базаларына таралу қаупі бар. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Өрт орнына Балқаш ауданы, Қапшағай қаласы мен Бақанас ауылының өрт сөндіру бөлімдерінен 18 қызметкер мен 5 бірлік техника дереу шықты. Лас, батпақты жол өрт сөндірушілердің қозғалысын қиындатты. Өрт алаңына дейінгі қашықтық 180-200 шақырымды құрады. Ол жердің телефон байланысымен қамтылмағанын ескере отырып, жедел топтың жеке құрамы байланысты ұйымдастыру үшін спутниктік терминалдар алып жүрді.

Балқаш ауданының Желтораңғы және Ақкөл ауылдық округтері аумақтарындағы ошақтарды сөндіру ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың күшімен және құралдарымен жүзеге асырылатынын атап өту қажет. Барлығы үш жану ошағы бар. 20 га алаңдағы алғашқы ошақ кеше сағат 10.30-да жойылды. Екінші және үшінші жану ошақтарын сөндіру жалғасуда.

Қураған ағаштардың жану жағдайларының жиілеуіне байланысты 12 сәуірден бастап Балқаш ауданында жедел штаб құрылды. Онда төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жұмыс істейді. "Қазавиаорманқорғаумен" ұшақтағы учаскелерді аэровизуалды тексеру жүргізіледі.

Өртті болдырмау мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі мынадай өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескертеді:

- табиғатта от жағудан аулақ болыңыз;

- туристік базалар, демалыс аймақтары, табиғи саябақтар және басқа аумақтарда құрғақ шөптер мен жанғыш қоқыстарды күйдірмеңіз;

- сөндірілмеген темекі тұқылдарын шөпке лақтырмаңыз;

- егер сіз жанып жатқан шөпті байқаған болсаңыз, бірінші кезекте 101, 112 қызметтеріне міндетті түрде хабарлаңыз және сөндіру бойынша шаралар қабылдауға тырысыңыз.

Айта кетейік, Экология министрлігі Балқаш ауданындағы алапат өртке байланысты балық шаруашылығына зиян келгенін, бір адам зардап шеккенін мәлімдеген еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"