АҒЫЛШЫН ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ЕҢ ОҢАЙ ТӘСІЛІ: МҰҒАЛІМ ӨЗ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 17.04.2021
Оқылды: 1517
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тіл демекші, қазақтың тілі алдымен қазаққа қызмет етіп, қазақстандықтардың бірлігі мен татулығын сақтаудың негізі тұғыры болуы керек. Қазір біздің елдің әлеммен байланысы жақсы, сондықтан бүгінгі ұрпақ Елбасы ортаға қойған үштұғырлы тілді толық меңгергені жөн.

Өзімнің біраз жылдық мұғалімдік тәжірибеме сүйенсем, қазіргі оқушылардың тілге деген ынтасы жақсы. Олар ана тілін қастерлейді, сондай-ақ, ағылшын, орыс тілдерін де бірдей меңгеріп, санасына сәуле түсіріп келеді. Бұл өскелең ұрпақтың ертеңгі болашағының нұрлы да кемелді, қастерлі де жарқын болатындығын білдіреді.

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болғандықтан балалар бастапқыда тілге жаттықпай, көп қиналатыны белгілі. Алайда біраз уақыт белсенді жұмыс жасағаннан кейін олардың шет тілін үйренуге оңай әрі тез бейімделетінін байқап жүрмін. Бұл ана тіліміздің байлығы мен ауқымдылығында деп түсінемін. Сондықтан, сабақ барысында алдымен оқушыларға үйренбекші болған өзге тілдегі жаңа сөздің  қазақ тіліндегі аудармасын және  мағынасын толық түсіндіремін. Оның нәтижесі де қомақты болады.

Оқушылар өзге тілдегі сөздің қазақ тіліндегі баламасын тез түсінеді әрі есіне берік сақтап қалады. Бұл олардың сөздік қорын молайтып, ауызекі сөйлесу барысында жылдам жауап қайтаруға жеңілдік тудырады. Сондықтан, әріптестеріме оқушыларға шетел тілін үйреткенде баламалы сөздермен көбірек жаттықтыру керек деп кеңес беремін.

Білім берудің сан түрлі әдісі бар. Бірақ жаңаша оқыту бағдарламасы бойынша оқушылардың жан-дүниесіне жақындай отырып білім берудің нәтижелі болатыны дәлелденген шындық. Бәріміздің де мақсатымыз – оқушыларға сапалы да қонымды білім беру. Сол жолда ерінбей еңбектенсек, алынбайтын асу болмайтыны анық. Менің тәжірибем қажетіңізге жарап жатса, қолданып көрерсіз.

Мәстүрә ҚҰМАРҚАН,

№2 орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан