КЕГЕН ПОЛИЦИЯСЫ БОЙ ЖЕТІП ҚАЛҒАН ҚЫЗДАРМЕН СҰХБАТ ӨТКІЗДІ

Уақыты: 23.04.2021
Оқылды: 1245
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кеген полицейлері қыз балаларға арнап сыр-сұхбат өткізді. Бұл туралы "Жетісу" газеті полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Кеген ауданы полиция бөлімінің әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Ақмаржан Бейсеева «Қыздарға әсемдік жарасады» атты тақырыпта іс-шара өткізді.

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторынан өзге, аталған іс-шараға аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Көнева, аудандық аурухананың гинеколог-дәрігері Шырын Әзімжанова, аудандық жастар ресурстық орталығының психолог-маманы Гүлназ Толонқызы қатысты. Онлайн режимде өткен кездесу Тасашы орта мектебінің 8-11 сынып аралығындағы оқушы қыздарына арналды.

Аталған шара барысында қыз балалардың отбасындағы, қоғамдағы орны, әдебі, денсаулығы туралы сыр-сұхбат өткізілді. Сонымен қатар, эстетикалық, адамгершілік, денсаулық сақтау, құқықтық тәрбие беру, өзара және ортамен қарым-қатынас орнатуға бағыт беру тақырыптары да  қамтылды.

- Ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу - барша қауымның міндеті. Қыз баланың қоғамның белсенді мүшесі екенін ұғынуға, адал достықты түсінуге, өнерге, мәдениетке, өткен тарихымызды білуге, оны қадірлеуге отансүйгіштікке тәрбиелеу - әрқайсымыздың алдымыздағы жауапты іс, - деді Кеген АПБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Ақмаржан Бейсеева.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"