БЫЛТЫР ОБЛЫСТА НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚ САЛДАРЫНАН 48 АДАМ СУҒА КЕТКЕН

Уақыты: 12.05.2021
Оқылды: 1160
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаз шыққан сайын еліміздің су айдындарында түрлі оқиғалар орын алып, кісі өлімі көбейіп кетеді. Осыған орай Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары арнайы брифинг өткізіп, шомылу қауіпсіздігін қатаң сақтау керектігін ескертті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Өкінішке қарай, шомылу маусымы ашыла салып, Жетісу жерінің өзен-көлдерінде суға батып кетушілердің дерегі шығып жатады. Осындай қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында өткізілген баспасөз мәслихатында былтыр қаза тапқандар жайлы сөз болды.

Талдықорған қалалық төтенше жағдайлар басқармасының Азаматтық қорғаныс тобының аға офицері Ерболат Нұрқасеннің айтуынша, ажалы судан келгендердің қатарынан жас балалардың шығуы өкінішті.

– Былтыр облыс аумағында 48 адам суға батып, қаза тапқан. Олардың 18-і кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Одан бөлек, 62 адам құтқарылды, – деген Ерболат Асанұлы көпшілікті суға шомылу маусымында қырағылық керектігін ескертті. – Шомылу маусымында суға кеткен 36 адамның 14-і балалар. Аудан, қала бойынша суға кеткендердің ең көп саны Қапшағайда. Ондағы 11 адамның екеуі бала. Еңбекшіқазақ ауданында суға кеткен 7 адамның төртеуі кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Сарқан ауданында 6 адамның біреуі, Алакөл ауданы бойынша 4 адамның біреуі - бала. Талғар және Іле аудандарында үш адамнан тіркелген. Суға кетудің негізгі себептері – немқұрайдылық, ішімдік ішу. Жас балаларды қараусыз қалдырудың соңы да қайғылы жағдайға апарып соқтырады. Сондықтан, барша жұртшылыққа суға шомылу маусымында қырағылықты қатаң ұстануды және сенімді су қоймаларында шомылуға кеңес береміз.

Расында, еліміздің әрбір тұрғыны өз қауіпсіздігін ең алдымен өзі сақтауы керектігін ұмытпауы тиіс.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы