ҚЫЗЫЛАҒАШ СУ ҚОЙМАСЫ ЖАРЫЛАЙЫН ДЕП ТҰР: ЕЛДІ ДҮРЛІКТІРГЕН АҚПАРАТ

Уақыты: 13.05.2021
Оқылды: 1440
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әрбір негізсіз сөз – өсек. Әлеуметтік желіге таралып кетсе қайтара алмайсың. Халқымыз ондайды: «Айтқан сөз – атылған оқ», – деп бірауыз ләммен түйіндеген. Бүгін бірқатар желілерде осыдан 10 жыл бұрын қарапайым халықты қасіретке бөктіріп кеткен "Қызылағаш" су қоймасы тағы да жарылайын деп тұр" деген сыңайда бейнежазба (үстінен басыңыз) таралды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бейнематериал мен фотосуреттерге байланысты көптеген пікір айтылып, жаңадан салынған нысанға қатысты болжамдар жасалып жатты. Алайда пікір жазушылардың ешқайсысы жаңа нысанды өз көздерімен көрмеген.

Осыған орай Қызылағаш су қоймасына иелік ететін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетіне қарасты «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облыстық филиалының басшылығы журналистер қауымын арнайы шақырып, қосымша су шығару арнасынан сыздықтап шыққан тамшының себебін түсіндірді.

Филиал директоры Саят Құдайбергеновтің айтуынша, жаңадан салынған тоспаға сыздықтап аққан судың ешқандай зияны тимейді. Яғни, 30 миллион текше метр су жиналған тоспаның қабырғасы берік, етектегі елдің қауіптенуге негізі жоқ.

– Тоспа 42 миллион 350 мың метр текше су жинақтауға арналып салынған. Алдында су шайып кеткен тоспаның орнына арнайы бетонды қабырға құйылып, оның үстіне қиыршық тас төгілген соң барлық техникалық шарттарына сәйкес тоспа тұрғызылды. Ең бастысы, плотинаның беріктігі, – деген филиал директоры Саят Үсенұлы Қызылағаш су қоймасы маңызды мемлекеттік нысан екендігіне тоқталды. – Оның түбіндегі тарату тоннелі секундына 477 текше метр су шығарады. Сондықтан, жөнсіз қорқудың қажеті жоқ. Қажет болса суды толық ағызып жібере аламыз. Ал анау су сыздықтап шығып тұрған жер табиғи қалыптасудан пайда болған. Яғни, тоспа жаңадан салынғанша он жылға жуық уақыт өтті. Апатты су шығаратын бетонды қабырға осы уақыт ішінде аздаған өзгеріске ұшырады. Енді тоспа тола бастағанда босаған жерлерінен су шығып отыр. Уақыт өте келе біртіндеп, өз орнына қайта түседі. Өткенде жобалаушылар келіп көріп, қауіптенудің негізсіз екендігін түсіндірді. Жалпы, Қызылағаш су қоймасының сынақ мерзімі әлі біткен жоқ. Екі жылы өтті, енді бір жылы қалды. Содан соң ғана қолданысқа беріледі.

«Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнына қарайтын Қызылағаш су қоймасы жоспар бойынша 16 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуі тиіс. Алайда нысан қолданысқа берілмегендіктен 8 жұмыскер келісім-шартпен еңбек етуде. Олардың міндетіне нысанды күзету, судың деңгейін реттеу секілді жұмыстар кіреді. Ал, елді шошытып, су қоймасы қауіпті жағдайда тұрғанын жөнсіз жариялаған блогерлер заң алдында жауап беретінін айтқан мекеме басшысы мәселені аяқсыз қалдырмайтынын жеткізді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан