КӨЛСАЙ МАҢЫНДА ЗАҢСЫЗ МАРАЛ АТЫП, СОЙЫП АЛҒАН АҢШЫ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 13.05.2021
Оқылды: 1574
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кеген ауданында заңсыз марал аулаған тұрғынға іс қозғалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Заңсыз марал аулаған адам Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Кеген ауданының полиция бөліміне 63 жастағы Алматы қаласы тұрғынының Кеген ауданы Саты ауылына (Көлсай маңайы) қарасты жерде заңсыз аңшылық жасағандығы туралы хабарлама келіп түскен. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексі 337-бабының 1-бөлігі бойынша тіркелді.

- Алматы қаласының тұрғынынан аңшылық мылтығы, аңның етіне ұқсас ақ түсті 3 дана қапқа салынған ет заттай дәлелдеме ретінде алынды. Және оның жүргізуіндегі «Toyota Tacoma» маркалы автокөлігі айып тұрағына қойылды. Қорғалуға құқығы бар куәдан жауап алу барысында ол өз кінәсін толық мойындап, өзінің аталған мылтығымен 1 бас марал аңын атып, сойып алғанын айтып берді. Тәркіленген заттық айғақтар сараптамаға жіберілді. Өзге ақпарат тергеу құпиялылығына байланысты жария етілмейді, - деді Кеген аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ерлік Стамшалов.

Қазіргі таңда тексеру жұмыстары әрі қарай жалғасуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан