ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ 30 ЖЫЛ! ЕЛ ІРГЕСІН НЫҒАЙТУ ҮШІН ТАҒЫ НЕ ІСТЕЙМІЗ?

Уақыты: 17.05.2021
Оқылды: 1700
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Бұл - халқымыз үшін айтулы белес. Мен үшін де қайталанбайтын ерекше кезең. Өйткені, дәл осы халқымыз Тәуелсіздік алған 1991 жылы өмірге келіппін. Бұл - мен үшін үлкен мақтаныш.

Еліміз азаттықтың ақ туын желбіреткен осынау жылы өмірге келу әрбір адамның басына бұйыра бермес зор бақыт. Дәл осы жылы өмір есігін ашқанымды ата-анам да жақсылыққа балап, «Тәубе, шүкір, қызымыз өмірге келген жылы Тәуелсіздігіміздің көк Туы желбіреді» деп сол күнді қуанышпен еске алып отырады.

Мен үшін де Тәуелсіздіктің орны тым бөлек әрі терең жауапкершілік. Осы жауапкершілікті сезіне отырып, бар күш-жігерімді жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беруге арнап келемін. Жаңа Қазақстанның жас ұрпағы озық ойлы, жан-жақты білімді болып өсуі  аса маңызды. Өйткені, еліміздің болашағы балалардың бүгінгі алып жатқан білімі мен тәліміне тікелей байланысты. Бұл орайда жасөспірімдердің тек білімді ғана емес, өр рухты, отансүйгіш, адамгершілігі мол тұлға болып қалыптасуына мейлінше мән беремін. Егемен еліміздің жастары бүгінгі уақыт талабына сай жаңаша, заманауи білім алып, мемлекетімізді дамыған отыз елдің көшіне бастап баруы тиіс. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің құны халқымыз үшін тым жоғары екенін терең түйсініп өсіп, болашақта тек еліміздің игілігіне қызмет етуі керек.

Жас ұрпақтың бойына осынау құндылықтарды сіңіретін, әрине, ұстаздар қауымы. Сондықтан да мұғалімдерге артылатын міндет зор. Осы тұста оқушыларды патриоттық рухта тәрбелесек, беретін білім-тәрбиеміздің маңызы арта түседі деп ойлаймын. Өйткені, елін-жерін сүйіп, тарихын терең біліп өскен жас болашақта мемлекеттің гүлденуі мен өркендеуіне қызмет етеді деп білемін. Сол үшін де әрбіріміз: «Мемлекет маған не береді деп емес, мен елімінің дамуына қандай үлес қосамын» деген ой үстінде жүруіміз керек. Бұл турасында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында былайша ой толғады:

«Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет».

Иә, расында да бұл мемлекетіміз қол жеткізген мерейлі мереке ғана емес, әрбірімізге ой салатын кезең. Ары қарайғы жолымызды бағамдап, алдағы асуларымызды айшықтайтын маңызды белес. Сондықтан, Тәуелсіздігіміздің баянды болып, көк Туымыздың көк аспанмен таласа желбірей беруі үшін әрқайсымыз үлес қоса білуіміз қажет. Сонда ғана Ұлы даланың ұлағатты ұрпағы, Мәңгілік мызғымас елге айналарымыз анық.

Мөлдір ҚАШҚЫНБАЕВА,

М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан