ЛАТЫН ГРАФИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚОЛДАНУ АЯСЫН КЕҢЕЙТЕДІ

Уақыты: 18.05.2021
Оқылды: 1742
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінгі күнгі өзекті тақырыптардың бірі – латын графикасына көшу мәселесі. Ғалымдар өз нұсқаларын ұсынып, көптің талқысына салу ісі әлеуметтік желілерде әлі тоқтаған жоқ. Жалпы, латын әліпбиіне көшу – ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Себебі, жаңа әліпби бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз.

Латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың жаңа мүмкіндігі. Жаңа әліпби рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Өйткені, бұл түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады. Сондай-ақ, әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге одан әрі дағдылануға мүмкіндік береді.

Ақпарат алу, бөлісу мүмкіндіктері аясы кеңейіп, шет тілдерден енген сөздер ұлттық ерекшеліктерімізге қарай икемделеді. Сонымен қатар, көп ұлтты мемлекетіміздің бірлігін одан әрі бекемдеп, төрткүл түркі әлемін біріктіруге күш салатыны сөзсіз.

Латын әліпбиі туралы сөз қозғаған кезде міндетті түрде ағартушы-педагог, публицист, туған халқының рухани дүниесін көтеруге көп күш жұмсаған ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін аттап өте алмаспыз. Зерттеушінің «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жарияланған мақалаларында латын әліпбиіне қатысты мәліметтерді кездестіреміз. Сонда еліміздің бас басылымынан бастап, бүкіл қазақ газеттері 1932 жылғы 1 қаңтарынан бастап арабтың төте жазуынан латыншаға көшкенін байқаймыз. Оған дейін, яғни, 1928 жылдан бастап газеттің әр санында «Латынша үйренейік» деген айдармен латын әріптерін үйрететін арнайы бөлім болған. 1931 жылға қарай аға басылым беттеріндегі латын әрпімен берілген материалдар аралас жариялана бастайды. Сөйтіп, латын жазуына елдің бірте-бірте бойын үйретіп, уақыты келген кезде 1932 жылы сол әліпбиге көшті. Біз де осы тәжірибені қолдану үстіндеміз.

Қазіргі таңда латын әліпбиінің қолданыста жүрген жазу үлгілері аз емес. Латын әліпбиін қолдану арқылы болашағымыз жарқын болады деген сенімдеміз. Әрине, төте жазу немесе кириллицамен жазылған мол мұрамыз да жаңа қаріпке негізделіп көшірілетіні анық. Соның нәтижесінде сан ғасырлық тарихымызды шетел ғалымдарының зерттеуіне ыңғайлы жағдай жасаймыз. Өйткені, латын қарпі дүниежүзі халқы білетін ағылшын тілінің графикасы екені белгілі.

Латын әліпбиі – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге зор ықпал етеді. Сонымен бірге, шетелде жүрген жастарымыздың осы жазу арқылы өз тілін басқа да ұлт өкілдеріне түсіндіру жағдайлары қиын болмасы анық. Басқа мемлекеттерде тұратын қандас бауырларымыз да латын әліпбиіне көшсек, еліне бір табан жақындай түспек.

Орынбасар ТУҒАНБАЕВ,

Көшкентал ауылдық Мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі

Ақсу ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан