ТАЛҒАР АУДАНЫНДА ЖЕҢІЛ КӨЛІКТЕР СОҚТЫҒЫСЫП, БІР ӘЙЕЛ КӨЗ ЖҰМДЫ

Уақыты: 20.05.2021
Оқылды: 1111
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында жол-көлік апатынан 30 жастағы жолаушы әйел оқиға орнында мерт болды. Оның 4 жасар қызы түрлі дене жарақатымен Алматы қаласындағы ауруханаға жеткізілді.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 19 мамыр күні түнгі сағат 22:05 шамасында болған. Алдын ала болжам бойынша, Талғар ауданының «Жалғамыс-Төңкеріс» жолында «Daewoo Espero» автокөлігінің 36 жастағы жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан «Mitsubishi Galant» көлігіне соғылған. «Оқиға орнында «Daewoo Espero» көлігінің 30 жастағы жолаушысы мерт болды. Оның 4 жастағы қызы Алматы қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ, осы көлікте болған 31 жастағы және екінші көліктің 53 жастағы жолаушысы түрлі дене жарақатымен Өтеген батыр ауылындағы ауруханаға түсті», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Қазір аталған фактіге сәйкес ҚР ҚК 345-бабы, 3 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"