ЛЕНИНГРАД ОБЛЫСЫНДА ДАҢҚТЫ ҚАЗАҚ ЖАУЫНГЕРІНЕ СТЕЛЛА ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 22.05.2021
Оқылды: 1462
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жеңіс күнінде Ленинград облысына қарасты Любань қаласында майдангер, Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері, полковник Шаймұхан Мұқановқа арнап стелла орнатылды. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Ресейдегі консулы, еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері және майдангердің туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Қазақстанның қауіпсіздік органдары ардагерлерінің арасында Ұлы Отан соғысының қатысушысы, КСРО МҚК құрметті қызметкері, ҚР ҰҚК органдарының құрметті ардагері, Ленинград облысы Любань қаласының және Алматы облысының Құрметті азаматы, 10 орден мен 30 медаль иегері, үш кітаптың авторы, Ленинград әскери округінің Алтын  кітабына енгізілген Шаймұхан Мұқановтың орны ерек.

Ол 1921 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. Бала күнінде ата-анасымен бірге Семей облысының Абыралы ауданына қоныс аударған. Жетім қалған ол 1932-1934 жылдар аралығында балалар үйінде тәрбиеленеді. Содан 1940 жылы оқуға түсіп, Алматы қаласында жұмыс істей бастады. Сол жылдың қазан айында әскер қатарына шақырту алады. ҰОС жылдары 177-дивизияның батальон командирі міндетін атқарып, соғыс басталғаннан жеңіс туын тіккенге дейін алғы шепте жүрді. Айта кетерлігі, оның қол астында КСРО-ның Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының маршалы Д.Язов қызмет етті.

Көзі тірісінде соғыс жылдарында көрсеткен ерлігі үшін Шаймұхан аға көптеген әскери наградалармен марапатталды. Соның ішінде Қызыл Ту, Александр Невский, Қызыл Жұлдыз, бірінші дәрежелі Отан соғысы және «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», Жуков  медальдарының иегері.

Әскер қатарынан 1946 жылы босатылып, елге қайтты. Еңбек жолын нұсқаушы, Қазақстан КП обкомының партия жұмысын ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып жалғастырды. 13 жыл Талдықорған қалалық комитеті мен Талдықорған облысы Алакөл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.

Бұрынғы майдангер соғыстан кейінгі қиын жылдары облыстың халық шаруашылығы мен өнеркәсібін қалпына келтіруге бар күшін салып, қажырлы еңбек етті. Барлық жұмыс учаскелерінде Шаймұхан Мұқанов биіктен көрініп, оң нәтижелерге қол жеткізді.

Кеңес одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің шешімімен 1962 жылы Ұлттық қауіпсіздік органдарына қызметке жіберілді. Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Алматы, Талдықорған және Жамбыл облысындағы басқарма басшысы болып жұмыс істеді. Еңбек жылдарында өзін білікті маман, жан-жақты, білімді, мақсатшыл,  тәртіпті және қарапайым жан ретінде көрсете білді.

Шаймұхан Мұқанов партиялық аппаратта немесе қауіпсіздік органдарында жұмыс істеген кездерінде кадр тәрбиелеу мен таңдау мәселесіне көп көңіл бөлді. Оның қол астында лайықты жандар қызмет етіп, кейіннен беделді қызмет пен жоғары лауазымдарға ие болды.

Бейбіт кезеңдегі ерен еңбегі үшін II дәрежелі Даңқ, «Құрмет», Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Сондай-ақ, ҚР, РФ және Украинаның көптеген медальдары мен Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының 4 Құрмет грамотасымен, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Грамоталарымен наградталған.

Зейнеткерлікке шыққан соң 8 жыл Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің  төрағасы лауазымын атқарды. Облыс пен қала өміріне белсене араласып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу мәселесіне көп көңіл бөлді.

Замандастары Шаймұхан Мұқановты сүйікті жар, қамқор әке және мейірбан ата ретінде таниды. Ол – өнегелі өмір сүрген жан. Ол патриот, нағыз офицер және аңыз адам ретінде өскелең ұрпақтың есінде қалады. Оның есімі Алматы облысы бойынша ҚР ҰҚКД ғимаратына орнатылған мемориалдық тақтаға алтын әріптермен жазылды. 

М.АБДЫҚАДЫРОВ,

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы подполковнигі