ТАЛДЫҚОРҒАННЫҢ ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕРІ ЖОЙҚЫН ЖАРЫЛЫСТЫҢ АЛДЫН АЛДЫ

Уақыты: 24.05.2021
Оқылды: 1115
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда қойма өртеніп, 500 шаршы метрге жуық аумақты ыстық жалын шарпыды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Құтқарушылардың диспетчерлік пунктіне таңғы сағат 5.40-та Құрманов көшесіндегі ғимараттардың бірі өртеніп жатқаны туралы ақпарат келіп түскен. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жаудың бетін қайтарып, қызыл жалынның басқа да тұрғынүйлерге өтіп кетуіне жол бермеді. Сондай-ақ, құтқарушылар ғимараттан төрт газ баллонын шығарып, жарылыстың алдын алды. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.

Қазіргі таңда өрттің неден шыққанын жылжымалы зертхана мамандары анықтап жатыр. «Өрт тараған аумақ – 495 шаршы метр. Тілсіз жаумен күресуге жеке құрамның 40 қызметкері мен 9 бірлік техника тартылды. Сондай-ақ жедел әрекет ету қызметтерінің мамандары жұмылдырылды. Өрттің басқа ғимараттар мен тұрғын үйлерге таралуына жол берген жоқпыз», - деді Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Азамат Ержанұлы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"