БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ: НАРЫНҚОЛДА БІРНЕШЕ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 24.05.2021
Оқылды: 1185
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Алматы облысының географиялық шекарасында өз қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік заңды тұлғаларға қатысты талдау жүргізді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Талдау жүргізу барысында «Азаматтарға арналған үкімет «МК» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының Райымбек аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімімен монополияға қарсы органның келісімінсіз «Айгөлек» бөбекжайы, сондай-ақ, «Күншуақ» бөбекжайы тіркелгені анықталды.

Кәсіпорынның құрылтайшысы Алматы облысы әкімінің аппараты болып табылады. Кәсіпорынды басқаруды жүзеге асыратын орган Алматы облысы Райымбек ауданы бойынша білім бөлімі болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің, сондай-ақ, «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес, мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік заңды тұлғаларды құру монополияға қарсы органның келісімімен жүзеге асырылады.

Осылайша, «Азаматтарға арналған үкімет «МК» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының Райымбек тіркеу және жер кадастры бөлімінің әрекеттерінде монополияға қарсы органның келісімінсіз Мемлекеттік кәсіпорындарды мемлекеттік тіркеу бөлігінде ҚР Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу анықталды. Сондай-ақ, Алматы облысы Райымбек ауданы бойынша білім бөлімінің іс-әрекетінде монополияға қарсы органның келісімінсіз мемлекеттік кәсіпорындар құру бөлігінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңбұзушылық анықталды.

Осыған байланысты департамент «Азаматтарға арналған үкімет «МК» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалына, сондай-ақ, «Алматы облысы білім басқармасының Райымбек ауданы бойынша білім бөлімі» ММ қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан