ҚАПШАҒАЙ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ: ФОРМАТЫ БӨЛЕК ПРЕСС-ТУР

Уақыты: 24.05.2021
Оқылды: 1524
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәселелерді реттеу, туризмнің өркендеуіне мүмкіндік ашу бағытында Қапшағай қаласында бірқатар жұмыс атқарылған. «Jetisy media» ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өткен пресс-турда осы жетістіктерді көзбен көріп, ойға қанат бітті. Бұл жолғы шараға Алматы қаласы мен облысындағы БАҚ өкілдері шақырылыпты.

Жалпы, алыс-жақынға туристік әлеуетімен танымал Қапшағай қаласы кейінгі жылдары баламалы энергия өндірумен де аты шыға бастады. Өткен жылдары ел мен жердің ертеңгі болашағына алаңдап жүрген азаматтар шетелдік инвесторлармен серіктесіп, күн сәулесі мен желден, электр энергиясын өндіру ісін қолға алғаны қуантты. Біз «ВЭС Сарыбұлақ», «АННАР» ЖШС, «Технобозальт» сияқты жаңа технология парктерін көріп, жұмыс барысымен таныстық. Қысқасы, іргесінен Іле өзені ағып өтетін, айналасы жазық Қапшағай өңірі жыл он екі ай самал есіп тұратын аймақ. Оның үстіне Қапшағайдың бойлық және ендік орналасу кординатасы күн нұры тіке түсетін және жыл бойы  күн энергиясынан тапшылық көрмейтін жер. Демек, өңірдің осындай қасиеті балаламалы энергия көздерін өркендетуге мол мүмкіндік береді.

– 280 геткар аумаққа орналасқан “Nurgisa 100MW Solar park” 2018 жылы іске қосылды. Содан бері толық қуатпен жұмыс істеп келеді. 2019 жылдың өзінде 160 млн кВт/сағат электр энергиясын өндірдік. Жалпы, күн энергиясынан электр өндіру қоршаған ортаны бүлдірмейді, экологияны бұзбайды. Сондай-ақ, жыл сайын Қапшағай қаласының туристік әлеуеті артып келеді. Соған сай туристік орталықтардың да саны өсе түсуде. Демек, бұл электр энергиясына деген сұранысты көбейтеді. Біз өз құлшынысымыз  арқылы жұрттың электр тогына деген қажеттілігін қамтамасыз етуге сеп боламыз, – дейді “Nurgisa 100MW Solar park”  мекемесінің стансы бастығы Ерен Еркінұлы.

Қапшағай десе, алдымен ақ толқын аймалаған көл, еркелей аққан өзен, айдын-шалқар судың елестейтіні бар. Демек, қаланың экономикасының күретамыры да осы су. Сондықтан, Қапшағай су туризмін дамытуда облыстағы маңдайалды өңірдің бірі саналады. Жазғы шомылу маусымында Қапшағай тоспасының айдынында адамның көптігінен ине шаншар жер болмайтыны айтпаса да түсінікті. Бірақ жыл өткен сайын адамдардың талабы да арта түскен. Бүгінде қалада үлкенді-кішілі 176 демалыс орны бар. Олар қаланың экономикалық кірісінің 12 пайызға жуығын қамтамасыз отыр.

– Биыл қаланың туристік бағытында көп жұмыс атқарылды. Қалалықтар мен қала қонақтарының шомылу маусымындағы жағдайын жақсарту үшін 6, 7 нөмерлі жағажайды абаттандыру, жаңғырту, жаңадан құрылымдау жұмысы жүргізілді. Қазіргі таңда 8 нөмерлі жағажайды абаттандыру жұмысы жоспарлануда. Жалпы құны 1,6 млрд.теңгеге 50 гектардан астам жағажай абаттандырылады. Нәтижесінде, жаңа нысандар көбейіп, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда. 2019 жылы Қапшағай қаласындағы 146 демалыс орнында 800 мыңнан астам адам демалса,  өткен жылғы жағдайға байланысты 85 демалыс орнына 300 мыңға жуық адам келген. Биыл жағдай қалыпты болса 400 мыңнан астам туристі қабылдаймыз, – дейді Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет.

Қапшағайдағы туристік әлеуеттің көтерілуіне шағын және орта бизнес өкілдерінің және  “Кампорт”, “Ақжайық”, “Алматы демалыс” секілді жеке инвесторлар көп үлес қосуда. Олар жұмыспен қамту, демалыс орталықтарын заманауи талапқа сай жаңарту, келушілердің жайлы демалып қайтуына жағдай жасау жолында барын салуда. Сол қатарда Жасұлан Исатайұлы басқаратын “Жерұйық” демалыс орнын ерекше айта кетуге болады.

Үш жыл бұрын тек қызыл құм басып жатқан “Ақжайық” демалыс орнына тиесілі жағалау бүгінде адам танығысыз өзгергені көрініп тұр. Кәсіпкер жігіт су шайып жатқан бос аумақтан қатар-қатар демалыс үйлерін салып, жолдардың бойына көз сүйсіндіретін сәмбі талдар мен көпжылдық ағаштар отырғызып, демалыс орнының көркемдігін көз тойматындай етіп жасапты. Құрылыс жұмысы бітуге аз қалған көп қабатты қонақ үйдің де еңсесі биік. Бұл демалыс орнының артықшылығы әдемі үйлерімен ғана емес, рухани байлыққа деген құштарлығымен де өзіне баурап әкетеді. Қонақ үйден жағалауға жеткізетін жолдың бойына сахна саңлағы Асанәлі Әшімов атындағы аллея салынып, қазақтың аймаңдай ақыны Қадыр Мырза-Әлінің бюсті орнатылған. Қадыр Мырза-әлі атындағы шағын үй жабдықталған. Сегіз орынға ыңғайлап жасалған демалыс үйінің бір бұрышында Қадыр Мырза-Әлінің кітаптары мен көп тұтынған жәдігерлері жинақталыпты. Бір күндік жалдау ақысы 30 мың теңгенің үстінде. Бірақ сегіз адамға шаққанда аса мол ақша да емес.

– Біздегі демалыс үйлері тәулігіне 10, 13, 17 мың теңге аралығында. Келушілердің қалтасын қақпайды. Құнына қарай қызмет көрсету сапасында айырмашылық бар. Өткен жылдан бері келушілердің денсаулығын қамтамасыз етуге байланысты сақтық шараларын бекіттік. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайларға жауап беретін мекемелермен келісім бар, – дейді “Ақжайық” демалыс орнының жетекшісі Жасұлан Исатайұлы.

Жалпы, Қапшағай қаласындағы демалыс орындары заман талабына сай өркендеп келе жатқанына көңіліміз толды. Десе де, бұл адам қолымен жасалған жетістіктер еді. Ал қала маңында адамзаттың ортақ құндылығына айналған, алыс-жақын шетелдерден тамсана іздеп жететін туристік орындар да көп. Соның бірі Қапшағайдың іргесінде жатқан “Таңбалытас” қорық музейі. Бұл аумақ Іле ауданына тән демесең, Қапшағайдың іргесінде, Іле өзенін бойлап жатыр.

– «Таңбалы» петроглифтері ЮНЕСКО-ға енген. Ондағы таңбалар  қола дәуірінде, яғни, 3-5 мың жыл бұрын салынған. Ал ашық аспан астындағы бұл музей – «Таңбалытас» деп аталады. Бұл жерде І-VІ ғасырлардағы  көне қытай, тибет, жапон, корей,  сармат жазулары бар. Бізге белгілісі  16 жазу мен 4 сурет қана. Мұндағы ХVІ ғасырдағы Будданың суретін Шоқан Уәлиханов зерттеген. Ол Будданың ерекше бір суреті екен. 2001 жылы Қытайдағы Тибеттен монахтар келді. Бұрын бұл жер Жібек жолы бойындағы өткел болып, үлкен сауда-саттық орны болған. Бұл жерге Жапония, Корея, Қытай, Малайзиядан туристер көп келеді. Мына арка 2004 жылы салынып,  одан кейін бұл жер қолдан-қолға өтіп, жалға беріліп келген. Вандализм болып, тастағы суреттерді мылтықпен атушылар болған соң оның Мәдениет және спорт министрлігінің «Таңбалы» қорық музейіне қарағанына 3 жыл ғана болды, – дейді музей қызметкері Досжан  Айнақұлов.

Пресс-турдың ең бір қызықты тұсы осы “Таңбалытастың” бойында өтті. Журналистер ең алдымен эколог, биология ғылымдарының кандидаты, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің доценті Жамбыл Қанағатов ұйымдастырған экологиялық сағатқа қатысты. Әдетте сұрақ қоятын БАҚ өкілдері өздеріне қойылған сұрақтарға жауап беріп, бақтарын сынады. Дегенмен, экология саласына қатысты қиын да қызықты сұрақтар тілшілерді біраз әбігерге салғанын жасырмаймыз. Алайда қызу талқы, емен-жарқын әңгіме, көңілді пікір-талас бәрінің ортақ тіл табысуына сеп болды. Осыдай кейін әрбір журналиске шағын сый-сияпат жасаған «Jetisy media» ақпараттық орталығының мамандары журналистердің қатысуымен сенбілік ұйымдастырды. Бір жағынан келушілер бей-берекет лақтыра салған қалдықтарды теріп, енді бір жағынан жақпар тастарды қызықтап, петроглифтерді тамашалап, аттам жерде ағып жатқан Іле өзенінің бойына барып, естелік суреттерге түсті. Көпшілік ұзақ күннің қалай ұясына кіріп кеткенін де сезбей қалды. Күн бата журналистер тобы жолға шықты.

Айта кетерлігі, біз аттанып бара жатқанда музей қызметкерлері музейге келіп-кететіндерді Бақанас жолы мен “Таңбалытастың” аралығындағы көшпелі құм қымтаған біраз жердің көп әбірге салатынын айтып қалып еді. Бара жатқанда байқамаған екенбіз, бас-аяғы 50 метрге жетпейтін борпылдақ жер жеңіл көліктермен біраз әзілдесті. Әрине, туристердің бәрі жол талғамайтын көлікпен келмейтіні анық. Ары-бері өткен жүргіншілерден көшпе құм көліктің доңғалағын айналдырмай, сәтті сапарға кедергі келтіретін кездері жиі болатынын естідік. “Жол түзелсе, жөн түзеледі” ғой. “Бізді де біраз мазалаған 50 аттам жердің жолы жөнделсе, туристік әлеуетіміз тіпті өсе түседі-ау” деген бір арманды арқалап қайттық. 

Қажет АНДАС

Қапшағай қаласы

Алматы облысы