ТЕКЕЛІДЕ ТІЛСІЗ ЖАУДЫ АУЫЗДЫҚТАҒАН ПОЛИЦЕЙЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 25.05.2021
Оқылды: 1197
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тілсіз жау – өрттің алдын алып, бейбіт күнде азаматтық ерлік жасаған текеліліктер, патрульдік полиция тобының инспекторлары, полиция аға лейтенанты Бауыржан Ерғалиұлы Нұрмұханбетов пен полиция лейтенанты Бауыржан Ерланұлы Қабидолланов марапатталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Гагарин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде орын алған жағдай туралы Текелі қалалық полиция бөліміне қоңырау түскен. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері пәтерлердің бірінен өрт шығу қаупін анықтап, тілсіз жауды ауыздықтаған.

Өз қызметін орындауда табандылық пен қайсарлық танытқан қос текелілікті қала әкімінің орынбасары С.Болысбайұлы, мәслихат хатшысы Н.Калиновский және Текелі қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Б.Сүлейменов қабылдап, Алматы облысы ТЖД бастығының азаматтық қорғау полковнигі А.Тойшыбековтің атынан Алғыс хат табыстады.

Ауыр да жауапкершілігі мол қызметті атқарып келе жатқан тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірген қала әкімінің орынбасары С.Болысбайұлы ерліктерінің елге, жас ұрпаққа үлгі, өнеге екендігін атап өтіп, қызметтеріне табыс, отбасыларына бақ-береке тіледі.

Өмір мен өлім қатар келген қас-қағым сәтте әрбір адамның бойында болатын қорқынышты жеңіп, жанкешті әрекеттерге барған жерлестеріміздің батылдығы ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"