ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ АЛАКӨЛДЕ АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕРДІ КӨРДІ

Уақыты: 27.05.2021
Оқылды: 1223
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев Алакөл ауданына арнайы іссапармен келіп, өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Қабанбай ауылындағы «Үйгентас» орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлерімен жолығып, көгалдандыру, ағаш екпелерін отырғызу және күтіп-баптау барысын таразылады. 76 мың гектар жерге қанатын жайған шаруашылықта 63 адам қызмет етуде. Көшет отырғызу мезгілінде маусымдық қызметкерлермен жұмыс қолы 90-нан асып жығылады. Облыстың түкпір-түкпіріне жасыл екпелерін жөнелтіп отырған мекеменің өткен жылғы табысы 11 млн.теңгені құраған. Пандемияға байланысты биыл 4 млн.теңгенің көшеттері өткізілген. Алайда атқарылар іс мұнымен тоқтаған емес. 6 гектарды құрайтын тұқымбақта да қызу жұмыс.

- Біздің тұқымбақта 32 ағаш пен бұта түрлерінің 500 мыңнан астам көшеті өсірілуде. Будандастырылған алма ағаштарының өзінен 14 сұрып алып отырмыз. Бұдан бөлек, таңқурай мен қарақат сынды жидектер де баршылық. Қазір көктемде отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарын қолға алудамыз. Қызметкерлер саны мен техника да жеткілікті. Алдағы уақытта тұқымбақтың жер қорын молайтсақ игі еді, - деді мекеме басшысы Ерікжан Бекбаев.

Аудан басшысы Алмас Сапарғалиұлы аталған орман шаруашылығына қызметкерлерді тасымалдау үшін көлік қарастыру мәселесін көтерді. Себебі, жұмыс қолы көп, ал тұқымбақ пен орманды алқаптар ауылдан біршама алыста орналасқан.

Облыс әкімінің орынбасары А.Дәндібаев бұл мәселені шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Артынша Алакөлдің туризм саласындағы потенциалын едәуір көтеріп тұрған «Үшарал» әуежайына бас сұқты. Мұнда «Талдықорған-Үшарал», «Алматы-Үшарал» және «Нұр-Сұлтан-Үшарал» бағыттарында «Жетісу», «SCAT», «Qazaq Air» авиакомпаниялары арқылы күнделікті ұшақтар қатынауда. Аудан маңызды туристік орталық болғандықтан мемлекет тарапынан субсидия бөлініп, билет құны қалтаға салмақ түсірмейтіндей төмен бағада. Жоспар бойынша әуежайдың ұшып-қону жолағын күрделі жөндеу жұмыстары жуырда басталмақ. Алдымен құм-тас төгіліп, астыңғы жабыны сертификаттаудан өткеннен кейін бетон құю жұмысы басталады. Бұл өз кезегінде алып ұшақтарды да қабылдауға мүмкіндік бермек.

Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Үшарал қаласындағы «Сымбат» стадионы мен «Тарлан» спорт кешенінің жағдайымен танысты. Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында «Сымбат» стадионы күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жабдықталған. Жаңадан төселген футбол алаңы да көздің жауын алады, спортшылардың да көңілінен толықтай шығуда. «Тарлан» спорт кешеніне келер болсақ, мұнда қазір спорттың 4 түрінен 200-ден астам бала дайындалуда. Бұдан бөлек, фитнес залы, шағын футбол, волейбол мен баскетбол ойындарының алаңдары қолданысқа берілуде. 2018 жылы ашылған нысанда 16 адам қызмет етеді.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев спорт кешені ашылғалы бері талай жеткіншек облыстық, республикалық дәрежедегі додаларда топ жарып жүргендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спорт түрлерін дамытуда да кешеннің маңызы зор екендігін тілге тиек етті.

Аудан орталығындағы қуатты кәсіпорындардың бірі саналатын «Болашақ Бастау» ЖШС да назардан тыс қалмады. Балық өнімдерінің 15-ке жуық түрін шығаратын мекемеге бас сұққан Арслан Момышұлы жұмысты бағамдап, өндіріс барысымен танысты. 100-ге жуық адам еңбектеніп жатқан зауыт өнімдері ішкі нарықтан бөлек алыс-жақын шетелдерге де шығарылуда. Кәсіпорын күніне 5 тоннаға дейін балық өңдеуге қауқарлы.

Іссапар соңында облыс әкімінің орынбасары А.Дәндібаев өңірлік туризмнің қазаны қайнаған Ақши ауылына барып, жаға бекіту, инфрақұрылым бағытындағы жұмыстармен танысты. 6 млрд.теңге бөлініп, Ақши мен Көктұма ауылдарының жағалауын бекіту жұмыстары былтыр басталған. Алайда пандемияға байланысты кедергілер туындап, биыл іс қайта жандануда. Шомылу маусымында меймандарға қауып төндірмеу мақсатында құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылмақ. Жобаға жауапты мердігер компания - «СпецСтрой» ЖШС.

- Бөлінген қаражат көлемі мол. Соған орай жұмыс сапасы да жоғары дәрежеде болуы қажет. Алакөл – облысымыздың жақұт мекені, шипалы көліне асыққан миллиондаған туристер бар. Сондықтан да осындағы тұрғындар мен меймандардың қауіпсіздігіне ең алдымен біз жауапты екендігімізді ұмытпаған жөн. Туристік бағыттағы істердің қарқынын арттыру арқылы біз халықтың хал-ахуалын көтеріп, мемлекет қазынасына түсер қаражаттың да көлемін ұлғайта аламыз. Талдықорғаннан бері тартылған күре жол күрделі жөндеуден өтуде, әуе рейстері тұрақты, теміржолында жүйіткіген пойыздар да тоқтамауда. Ендігі мақсат қос ауылды көркейту және қызмет сапасына аса мән беру, - деп атап өтті өз сөзінде А.Дәндібаев. Бұдан бөлек, ол Ақши ауылдық амбулаториясы, полиция пункті, теміржол вокзалы, 4 гектарға құлашын жайған жаңа саябақ пен «Гранд Вилла», «Алакөл Ресорт», «Аквамарин» демалыс орындарының да жағдайымен танысты.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы