БІЗДІҢ МІНДЕТ - ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫ ЖОҒАРЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ

Уақыты: 28.05.2021
Оқылды: 893
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Математика – өзіндік заңдылығымен, дәлдігімен, туралығымен ерекшеленетін маңызды пән. Қазіргі ғылым мен техниканың дамуына байланысты математика ғылымы да тереңдеп, күрделене түсуде. Осыған орай бұл пәннің қолданылу ауқымы кеңейіп, көптеген жаңа теориялар пайда болуда.

Математика ондаған әртүрлі салалардан тұрады, олардың өзіне тән мазмұны мен әдіс-тәсілдері бар. Математиканың ғылым саласындағы шоқтығы биік. Өйткені,математиканы толық түсінбеген адам осы күнгі техниканың негіздерін де, ғылым, табиғат және әлеуметтік құбылыстардың сырын да зерттей алмайды.

Математика ғылымы түрлі амалдармен қатар заттардың қасиеттерін және геометриялық фигураларды зерттейді. Ал мектепте берілетін білім ғылым ашқан заңдар негізінде құрылады. Бұл тұста оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай қабылдау деңгейлері ескеріледі. Сондықтан да есептер жеңіл түрде басталып, бірте-бірте күрделене түседі.

Математикалық білімді оқушылар бойына сіңіруде ұстаздың атқарар қызметі зор. Бүгінгі таңда мұғалімдер алдында тұрған басты міндет – функционалдық сауаттылығы жоғары, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ қалыптастыру. Бұл ретте математикалық білімнің ықпалы мол.

Бүгінгі уақыт талабына сай жеке тұлғаны тәрбиелеуде мұғалімнің өзі оқытудың жаңа әдіс-тәсілін жетік меңгерген, балалармен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін, олардың  математикаға деген қызығушылығын арттырып, ғылыми ізденіске жетелей алатын маман болуы тиіс.

Ұстаздардың шеберлікпен дәріс беруінде оқытудың заманауи технологиялары мен құрылғыларын қолданудың тиімділігі зор. Бұл ретте оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерімен қатар электрондық оқулықтар, компьютер, аудио және бейне материалдар, интернет, тестілеу тапсырмалары, электрондық пошта, интерактивті тақта көмекке келеді. Мәселен, сабақта мультимедиалық презентацияны қолдану арқылы сабақтың сапасын  арттыруға болады. Ал слайдтардың көмегімен мысалдарды, есептерді тақтада көрсетуге, ауызша есептеу тізбегін құрастыруға, сергіту сәттерін ұйымдастыруға  болады.

Жаңа технологияларды сабақта тиімді пайдалану балалардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, күрделі пән саналатын математиканың өзін қызықты етіп өткізуге мүмкіндік ашады.

Назира ШӘКЕНОВА,

Б.Сырттанұлы атындағы №25 орта мектептің математика пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы