"ЖУЫНУ БЫЛАЙ ТҰРСЫН, ШАЙ ІШУДЕН ҚАЛДЫҚ": САРЫӨЗЕКТЕГІ СУ ДАУЫ

Уақыты: 29.05.2021
Оқылды: 1133
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылында ауызсу жоқ деген ақпарат тарады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Халық ішетін тіршілік нәрін қайдан аларын білмейді. Мәселенің ушыққаны сонша, тұрғындарға суды әскерилер көлікпен тасып әлек. Ал әкімдіктегілер Сарыөзектің су мәселесін шешу үшін қомақты қаржы керек деп отыр.

- Күндізгі сағат 14:00-ден бері күтіп отырмыз. Әне келеміз, міне келеміз дейді. Қазір сағат түнгі 23:00 болды. Қашан Мақатаев көшесіне су келеді? Мынау деген сұмдық болды. Шай ішуден қалдық, жуыну былай тұрсын, - дейді Сарыөзек ауылының тұрғындары.

Сарыөзектіктер су таситын көлік осылай түннің бір уағына дейін келмейді дейді. Тіпті, су жеткізу үшін тұрғындар такси жалдап, шығындануға мәжбүр. «Таксимен келдім, мінекей. 2 мың теңге ақшасын төледім. Енді, міне, суымды алып тұрмын», - дейді Сарыөзек ауылының тұрғыны Нұрлан Байғабылов.

- Міне, бір жеті болды, су жоқ. Су таситын көліктер бірде келеді, бірде келмейді», - дейді ауыл тұрғыны Салтанат Егеубаева. Сарыөзек халқы қашанға дейін бөтелкемен су тасып, өмір сүретіні белгісіз.

"Қазақпараттың" мәлімдеуінше, жер астындағы су құбырлары тозып, кейбірі жарты ғасырдан бері жаңартылмаған. Су сору қондырғылары бірінен соң бірі істен шығып жатыр. Мұндағы су мәселесін шешу үшін 1 млрд.теңгеден астам қаражат керек.

- Жобасы әзірленген. Қазір 1 млрд.73 млн теңге қаражат қажет. Оған қажетті барлық бюджеттік өтінім берілген. Республикалық бюджеттен қалай қаражат бөлінеді, солай жұмыс басталады. Қаражаттың бөлінуіне қарап отырмыз, - дейді Кербұлақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Медет Сопбаев.

Сарыөзекте 14 мыңнан астам тұрғын бар. Қазір осы аудан орталығындағы халықтың жартысынан көбі ішетін су таппай, су таситын көлікті тосып, күн кешіп отыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"