ШАРЫН ШАТҚАЛЫНДА ҚАЗА ТАПҚАНДАРДЫҢ БІРЕУІ - МҰҒАЛІМ, БІРЕУІ - ОҚУШЫ

Уақыты: 30.05.2021
Оқылды: 1159
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Шарын шатқалында селден қаза тапқандардың біреуі - мұғалім, біреуі - мектеп оқушысы. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

«Кеше Шарын шатқалында қайғылы оқиға орын алды. Өкінішке қарай, келіп түскен ақпаратқа сәйкес, экскурсияға барғандардың арасында Алматы қаласындағы №199 гимназияның 8 оқушысы болған. Оларды 5 ата-ана мен 3 мұғалім ертіп жүрген. Қайғылы оқиға салдарынан 1 оқушы мен пән мұғалімі көз жұмды. Қаза болғандардың отбасыларына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз», - делінген Білім және ғылым министрлігінің ақпаратында.

Ведомство ата-аналар мен мұғалімдерге сапарға шыққан кезде барынша сақ болу керектігін ескертті. «Оқу жылы аяқталған кезде мұғалімдер мен ата-аналар өз сапарларын жоспарлап қойған болар. Осы ретте өздеріңізге және балаларыңызға сақ болуларыңызды сұраймыз. Мүмкіндігінше абай болып, балалармен демалуға не экскурсияға барғанда, су қоймаларына түспегеніңіз абзал. Сонымен бірге, қауіпті аймақтарға жақындамай, әрдайым балаларыңыздың жанында болыңыздар. Өйткені, сіздің өміріңіз бен амандығыңыздан қымбат ештеңе жоқ», - деді Білім министрлігі өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды