ШАРЫНДАҒЫ СУ ТАСҚЫНЫ: ЖОҒАЛҒАН ҚЫЗ БІР ТҮН ӨТКЕННЕН КЕЙІН ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 30.05.2021
Оқылды: 1622
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Шарын шатқалында жүрген сел салдарынан жоғалған оқушы қыз табылды. Бұл жайында Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті.

Шарын шатқалы қызметкерлері Шарын өзенінің бойын жағалай жер бетінде іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында сағат 09-34-те 2010 жылы дүниеге келген қызды тапты. Ол Шарын өзенінің сол жағалауында оқиға орын алған жерден 3-4 шақырым қашықтықта болған. Қазіргі уақытта Республикалық жедел құтқару отряды мен Алматы облыстық төтенше жағдайлар депаратаментінің жедел құтқару бөлімінің құтқарушылары дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетуде», - деді ресми өкіл.

Оның атап өтуінше, зардап шеккен оқушы қызға медициналық көмек көрсету үшін «Қазавиақұтқару» АҚ-ның авиациялық техникасымен Алматы қаласының ауруханаларының біріне жеткізу мәселесі шешіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, кеше Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болып, 1 адам із-түзсіз жоғалған еді. Тағы 6 адам зардап шекті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды