ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС! БІРАҚ ОТ ПЕН СУҒА БАТЫРЛЫҚ ЖҮРМЕЙТІНІН ҰМЫТПА!

Уақыты: 03.06.2021
Оқылды: 1169
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаздың ыстығында күнге және ыстық құмға қыздырыну, салқын суға шомылу жанға сондай жайлы. Алайда жас жеткіншектердің суға шомыла алмауы, олардың суда қауіпсіздік ережелерін орындамауы орны толмас қайғы мен өкінішке әкеліп жатады.

Біз көбінесе балаларды өз еркімен жіберіп қоямыз. Баланы еркін ұстау керек деген қағиданы ұстанып алғанымызбен қауіпсіздік шарасын естен шығарып аламыз.

Осы ретте жас жеткіншектер өз еріктерімен демалыс аймақтарына барып, түрлі төтенше жағдайға душар болуы мүмкін. Мұнда олар рұқсат етілмеген жерге суға шомылады. Немесе жағалаудан алыс жүзіп кетіп, суға батып  жатқандар көп. Міне, осындай қарапайым ережелерді бұзғандардың соңы орны толмас қайғыға әкеледі. Сондықтан, ең бірінші ата-аналар балаларының қай жаққа барып демалатынын білуі керек. Одан кейін ол жердің  қауіпті емес екеніне көз жеткізген дұрыс. Үшіншіден, балаларға бас-көз болатын ересек адамның бірге болуын қамтамасыз еткен жөн. Сонымен қатар, қауіпсіздік шарасын қатаң ескертіп, оны орындауын талап еткен абзал. Міне, осындай түсіндірме жұмыстарын орындаған адам ғана қауіпсіз және көңілді демалыс өткізеді.

Қазақта: «От пен суға батырлық жүрмейді», - деген тәмсіл бар. Жастық жігерге салынып, суға шомылуда көзсіз ерлікке жол беруге болмайды. Дене қызып тұрып, бірден салқын суға секіруге де тыйым салынған. Алдымен денені суға үйретіп алу керек. Ол үшін аяққа, бет, құлақ және басқа, қол мен иыққа су тигізіп, денені қалыпты жағдайға келтіру керек. Бірден секіріп кеткен жағдайда аяқ-қолдың тартылуы суға батып кетуге әкеледі. Одан кейін жүзу білмеген жағдайда жағалаудан алыстамаған жөн.

Мамандар осындай ескертпелерді ұсынады. Бұл ережелерді ата-ана мен балалар естен шығармағаны абзал. Төтенше жағдай қызметкерлері жазғы демалыста абай болуға шақырады.

Назым НҰРӘДІЛ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті

Алматы облысы