ҰЙҒЫР АУДАНЫНЫҢ ЖАС КӘСІПКЕРІ 500 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ТІГІН ЦЕХЫН АШТЫ

Уақыты: 13.07.2021
Оқылды: 1177
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Шонжы ауылының тұрғыны Юлдуз Тұраева мемлекеттік қолдаудың арқасында жеке тігін цехын ашты. 2019 жылы ол кәсіп бастау ниетімен облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, кәсіпкерлік негіздері бойынша «Бастау Бизнес» оқыту жобасына жазылды.

Оқу барысында Юлдуз тоқыма бұйымдарын шығару жобасын әзірледі. Нәтижесінде, «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 500 мың теңге көлемінде грантқа ие болды.

– Жастайымнан тігін ісімен айналысуды армандайтынмын. Басында хобби ретінде қарадым. Үй іші мен туыстарыма тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап жүрдім. Осыдан кейін мен бұл хоббиді жеке кәсіпке айналдырмақ болдым. «Атамекеннің» аудандық филиалы тарапынан маған бизнесті ашу және дамыту үшін жан-жақты қолдау көрсетілді. Қазір біз тоқыма өнімдерінің жиырмадан астам түрін шығарамыз. Өнімдер тек біздің ауданда ғана емес, сондай-ақ, көршілес аудан, қалаларда да үлкен сұранысқа ие, – дейді жас кәсіпкер.

Грант қаржысына Юлдуз Тұраева заманауи тігін жабдықтарын сатып алды. Оның айтуынша, өнімдер «Baby comfort» брендімен «Шонжыда жасалған» маркасымен шығарылады. Тігін цехында қазір жеті адам жұмыс істейді. Олар 25 түрлі тоқыма өнімін жасайды, оның ішінде, қалыңдықтың жасауы, жүк көліктеріне қажет перделер, қыздар мен жаңа туған нәрестелерге арналған киімдер, асүй бұйымдары және төсек-орын мен қонақ бөлмеге керекті жиынтықтар, тағы басқалары бар. Осы жылы кәсіпкер өндіріс көлемін арттыру мақсатында қосымша жабдықтар сатып алып, жобаны кеңейтуді жоспарлап отыр.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы