ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРДЫҢ ӨМІРІН ЖАЛМАҒАН ЖОЛ АПАТЫ: ТУЫСТАРЫ ШУ КӨТЕРДІ

Уақыты: 13.07.2021
Оқылды: 1158
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарасай ауданында жол апатынан қайтыс болған ерлі-зайыптылардың туыстары оқиға куәгерлерін іздеуде. Олардың айтуынша, көз жұмған келіншектің аяғы ауыр болған.

"06.07.2021 жылы түнгі сағат бір шамасында Қаскелең тас жолының жоғарғы жағында, Хамма PARK мейрамханасына қарама-қарсысында жол апаты болды. LAND KRUZER 100 көлігінің жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып, TOYOTA AVENSIS көлігімен бетпе-бет соқтығысқан! AVENSIS "Е"-нің 1997 жылғы жүргізушісі (23 жаста) және 1994 ж.ылғы жолаушысы (27 жаста) сол жерде қайтыс болды. А.жолаушының аяғы ауыр болған, жүктілік мерзімі - 3 айлық", - делінген әлеуметтік желіде жарияланған хабарламада.

Хабарламада қылмыстық іс қозғалғаны, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 4-тармағы бойынша жол апатына кінәлі азамат Қаскелең қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалғаны, алайда 2 күннен кейін қандай да бір жолмен оның босып шыққаны айтылады.

"Өздеріңізден кінәлі адамды түрмеге қамауға көмектесулеріңізді сұраймыз, оның өзі түгілі ата-анасы, тіпті, туыстары да алдымызға келіп, кешірім сұрамады!" - делінеді жазбада.

Алматы облыстық полиция департаменті апатқа кінәлі тергеліп жатқанын, оның босатылмағанын хабарлады. "Аталған жол-көлік оқиғасы ағымдағы жылдың 6 шілдесінде сағат 00:10 шамасында Алматы-Жандосов-Бесмойнақ тас жолында орын алды. Тас жолдың бойымен шығыс бағытқа бет алған Toyota-Land Cruiser автокөлігінің 18 жастағы жүргізушісі, 25 шақырымдық жолда рөлге ие бола алмай, жолдығ қарсы бетіне шығып кетіп, Алматы қаласының 23 жастағы тумасы басқарған Toyota-Avensis автокөлігімен соқтығысқан. Жазатайым оқиға салдарынан Toyota Avensis автокөлігінің жүргізушісі мен оның 26 ​​жастағы жолаушысы сол жерде қайтыс болды", - делінген zakon.kz сайтына шыққан хабарламада. Сондай-ақ, Toyota Land Cruiser автокөлігінің 18 жастағы жүргізушісіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"