РАЙЫМБЕК АУДАНЫНДА ЕКІ ЕР АДАМ ЖАНАРМАЙҒА УЛАНЫП, АУРУХАНАҒА ТҮСТІ

Уақыты: 14.07.2021
Оқылды: 1532
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Райымбек ауданында тез тұтанатын сұйықтық буымен уланған екі ер адам құтқарылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, түскі сағат 12:47-де Райымбек ауданы Нарынқол ауылынан бір шақырым жерде 2008 жылдан бері жұмыс істемейтін автожанармай құю станциясының аумағында отыз тонналық бос сыйымдылықты тазалау кезінде 50 және 34 жастағы екі ер адам тез тұтанатын сұйықтық буымен уланып қалған.

«Оқиға орнына келген Алматы облысы ТЖД қызметкерлері арнайы тыныс алу аппараттармен сыйымдылыққа түсіп, ер адамдарды арқанының көмегімен сыртқа шығарды. Екеуі да дереу Райымбек ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Олар жансақтау бөлімінде, орташа ауыр жағдайда жатыр», - деп хабарлады Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Қазіргі уақытта екі адамның да жағдайы тұрақты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"