"АЛҒАШЫНДА СЕНБЕДІК": НҰРҒАЛИЕВТЕР ОТБАСЫНА БІР МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ТАБЫС ЕТІЛДІ

Уақыты: 04.08.2021
Оқылды: 971
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгін еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны болып өмірге келген Жәния Азаматқызының отбасына бір миллион теңгенің сертификаты берілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Жәния Азаматқызы Алматыдағы перинаталдық орталықта салмағы 4160 кг, бойы 57 см болып дүние есігін ашты. Сәбидің әкесі Азамат Нұрғалиев 39 жаста болса, анасы Назгүл Көбентаева 35 жаста. Жәния - шаңырақтағы төртінші қыз.

Іле ауданының Чапаев ауылында тұратын отбасына бүгін Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев пен Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев арнайы барып құттықтады. Нәрестеге бар жақсы тілектерін білдіріп, облыс әкімінің құттықтау хатын, 1 миллион теңгенің сертификатын, балалардың қол арбасы, сәби күтіміне арналған жиынтық және басқа да сыйлықтарды тапсырды.

«Жәнияның Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында өмірге келуінің өзі жақсы ырым. Кішкентай сәбидің тууы бір отбасын ғана емес, барша қазақстандықтарға қуаныш сыйлады. Отбасында Жәнияның соңынан тағы да ұл-қыздар ере берсін», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Азамат Нұрғалиев өз отбасы үшін мұның күтпеген жаңалық болғанын айтады. «Біз алғашында сенбедік, қателескен шығар деп ойладық. Тек учаскелік дәрігер хабарласып, бізді әкімдіктен іздеп жатқанын айтқанда ғана шын екенін білдік. Қызымыздың маңдайы бақты екен, лайым ұзағынан сүйіндірсін. Оны жақсы тәрбиелеп, Қазақстанның лайықты азаматы етіп өсіруге тырысамыз», - деді ол.

Өз кезегінде нәрестенің анасы Жәнияның өзі үшін ерекше бала екенін айтты. «Жәния біздің ұзақ күткен, 5-6 жыл дегенде көрген перзентіміз. Қызымыз туа сала бүкіл Қазақстанға белгілі болды, алдағы уақытта да оның жақсы атын шығаруға ата-анасы ретінде еңбек сіңіретін боламыз», - деді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"