ОБЛЫСТА "ASHYQ" ЖОБАСЫНА ҚОСЫЛҒАН НЫСАНДАР САНЫ 4000-НАН АСТЫ

Уақыты: 12.08.2021
Оқылды: 1130
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында «Ashyq» жобасын енгізген нысандар саны 4 мыңнан асты. Бұл туралы Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов мәлімдеді. Оның айтуынша, облыс аудандары мен қалаларындағы 4025 кәсіпкерлік нысаны «Ashyq» мобильді қосымшасына енгізілген.

– Бүгінгі таңда жобадағы қатысушылар саны 1406 нысан, 2619-ы сынақ режимінде жұмыс істейді. Сонымен қатар, нөлдік көрсеткіштер бойынша және 20, одан да аз тіркеу жүргізген 447 аутсайдер жобадан шығарылды. «Ashyq» жобасының қатысушылары, аутсайдерлері мен көшбасшылары туралы ақпарат облыс әкімдігі сайтының басты бетінде жарияланған. Сонымен бірге, кәсіпкерлер палатасының әрбір филиалында кеңесшілеріміз кәсіпкерлерге жобаға қатысуға өтінім беруге қолдау көрсетеді, – деді Әсет Шаяхметов.

Айта кетейік, облыста «Ashyq» жобасының 38 көшбасшысы бар, ол нысандарда келушілердің ең көп саны тіркелген.

Естеріңізге сала кетейік, «Атамекен» ҚР ҰКП Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен бірлесіп «Ashyq» жобасына қатысуға QR-кодты алу үшін өтінім беру үрдісін жеңілдетті. Бүгінде QR-кодты алу жүйесі толық автоматтандырылған және өтінімді мақұлдау туралы хабарлама бірнеше минут ішінде келеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы