РОЗА РЫМБАЕВА ШАРЫН ШАТҚАЛЫНА КЕЛІП, ЭКОРЕЙДКЕ ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 12.08.2021
Оқылды: 1204
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында «Табиғат тағдыры – біздің қолымызда!» атты экорейд өткізілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап мәлімдеді.

Экоакцияда келушілерге туристік маршруттарда санитарлық нормалар мен қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтау туралы түсіндірме парақшалары таратылды. Сондай-ақ, аумақты тазалау жұмыстары жүргізілді. Оған парк қызметкерлері, Ұйғыр аудандық полиция бөлімшесі қызметкерлері мен еріктілер атсалысты. Шараға Қазақстанның Халық әртісі, әнші Роза Рымбаева да қатысты.

- Табиғат - біздің ортақ үйіміз, байлығымыз. Адам өз үйін таза ұстайды, ауласын тазалайды. Сондықтан, табиғатқа да осылай қарау керек, - деді Р.Рымбаева.

Рейд кезінде туристің белгіленбеген жерге қоқыс тастау фактісі тіркелді. Инспектор әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасады. Сонымен қатар, туристер тобына саябақта тыйым салынған өзенге шомылуға байланысты маршруттарда белгіленген ережелерді сақтау қажеттілігі туралы ескертілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан