ТАЛДЫҚОРҒАНДА АРДАГЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН ҮШ БАЙҚАУ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Уақыты: 22.08.2021
Оқылды: 1133
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымы ұйымдастырған Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған жыр мүшәйрасы және патриоттық әндер байқауы мәресіне жетті. Ардагерлер үйінде жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Марапаттау салтанатында қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Мұратбек Қожабек сөз алып, байқаудың мәні мен мазмұнын айшықтады. Ол Тәуелсіздіктің құндылығына, жыр алыбы Жамбылдың ұлылығына тоқталып, «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты мүшәйраның жабық түрде өткенін, әділқазылардың тек өлеңнің көркемдігіне қарай әділ шешім шығарғанын жеткізді.

Қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай өткен ардагер ақындар арасындағы жыр мүшәйрасында Роза Жылқайдарова ІІІ орын иегері деп танылды. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қауымдастырылған профессоры Дүйсен Аңсабаев ІІ орынды иеленсе, көрнекті ақын, «Жетісу» газеті бас радекторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым мүшайра жеңімпазы атанды. Ал Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жыр мүшәйрасында Нұртай Шыңғожанова ІІІ орын, Кәдірхан Базылжанова ІІ орын, Дүйсен Аңсабаев І орын иегері деп танылды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ардагерлер арасында өткен патриоттық ән байқауы қорытындысында Күләш Жасыбаева ынталандыру сыйлығына ие болса, Сәтбай Жұмашбаев пен Қарлығаш Ибрагимова жүлделі 3 орын иегері деп танылды. Өз кезегінде Ырысты Мұстафина 2 орынды қанжығасына байласа, Бекет Жұмағұлов байқау жеңімпазы атанды.

Шара соңында қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ақшабай Керімбек сөз алып, қазыналы қарттарымыз рухани шараға белсенді қатысса, көптеп төбе көрсетсе деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар, жеңімпаздарды жүлдесімен құттықтады.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы