АЛАКӨЛДЕ ҚҰДА КҮТІП, ҮЙЛЕНУ ТОЙЫН ЖАСАҒАНДАРҒА ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 22.08.2021
Оқылды: 1306
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алакөл аудандық мониторинг тобы карантинді елемеген екі тойды тоқтатты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Қазіргі таңда өңірімізде эпидемиологиялық жағдайға байланысты аудандағы мониторинг топтары қарқынды жұмыс істеуде. Алайда карантин талаптарын сақтамай, той-томалақ өткізіп жатқан азаматтардың қарасы азаяр емес. Өкінішке қарай, мерекелік іс-шараларда бас қосып, жиналған азаматтардың көбі орталық аурухананың төсегінде таңылуда.

Осы орайда Алакөл ауданындағы карантинді қадағалаушы топ Алматы облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Е.Сыдмановтың №16 қаулысын негізге ала отырып, кезекті рейдке шықты. Нәтижесінде, Үшаралдағы бір үйде құдаларға есік көрсету, енді бір шаңырақта үйлену тойы өтіп жатқаны анықталды. Олар карантин талаптарын өрескел бұзған.

Жұмыс барысында аудандық мониторинг топ мүшесі, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Қ.Арыстан және жергілікті полиция қызметінің патрульдик полиция инспекторы А.Жақанов пен Үшарал қаласының учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Б.Тұрсынғали той өткізген азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салып, ескерту берді.

Айта кетерлігі, анықталған деректерге қатысты жинақталған материалдарға шара қолдану үшін аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тұрғындардың түсініктемелері жолданды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"