ТАМШЫБҰЛАҚ, АҚЫН САРА, ФАТИМА ТҰРҒАН ҮЙ: ҚАПАЛДА ТУРИЗМ ЖАНДАНДЫ

Уақыты: 23.08.2021
Оқылды: 1532
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ақсу ауданында таулы өңірдегі туризмді дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соның бірі - Қапал ауылында туризмді дамыту мақсатында тағы бір игі істің жүзеге асуы. Бұл туралы "Жетісу" газеті Ақсу ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

"Jetysu Extreme Travel" Жетісу аймағы бойынша экологиялық және спорттық туризмі аясында Қапал ауылына алғашқы туристер келді. Алдағы уақытта аталған ұйыммен апта сайын белгілі бір бекітілген маршруттар бойынша туристер қабылдауға келісілді.

Қапал өңірінің тұмса табиғаты мен киелі орындары жетерлік. Туристердің алғашқы легі Арасан ем суларын көріп, "Тәнеке батыр" кесенесіне тоқтап, одан Тамшыбұлақ бастауын тамашалап, "Ақын Сара" музейін аралады. Сонымен бірге, туристер І.Жансүгіровтің әйелі Фатима Ғабитованың үйін тамашалады. Туристердің сұрауы бойынша ескі әскери казарманың орны да көрсетілді.

Тур барысында Қапал өңірінің таулары, жер-сулары туралы қызықты аңыз-әңгімелер, батыр бабаларымыз, Қапал уезінің тарихы жайлы әңгімелер айтылды. Туристерді бастаушы гид қызметіне қосымша ауыл тұрғыны Жанат Есімбеков көмектесіп, жол көрсетті. Таулы өлкенің тарихи орындары, көрікті табиғаты шынымен де таңғажайып. Мұнда туристерді апаратын орын өте көп. Ақсу ауданы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, келешекте Қапалда туризмді дамыту бағытында ауқымды жоспарлар жүзеге асады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"