ТИТОВ ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРАМ ДЕГЕН ТУРИСТ 25 МЕТР БИІКТІКТЕН ҚҰЛАДЫ

Уақыты: 24.08.2021
Оқылды: 1126
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Іле Алатауында шыңға шығып бара жатқан турист 25 метр биіктіктен құлады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бірнеше жарақаты бар жас жігітті Республикалық жедел құтқару жасағы (РЖҚЖ) Титов шыңынан эвакуациялады. "РЖҚЖ-ның шұғыл байланыс желісіне Титов шыңына көтерілу кезінде бір адам шамамен 25 метр биіктіктен құлағандығы туралы хабарлама келіп түсті. Жәбірленуші туысына көмек сұрап, SMS хабарлама жіберіп үлгеріпті. Оқиға орнына кинологтарды қосқанда 8 адамнан тұратын жедел топ аттанды", - дейді құтқарушылар.

Құтқарушылар шыңнан құлаған адамға көмектесу үшін жаяу аттанды. Жол ұзақтығы шамамен төрт сағатқа созылатындықтан, уақытты үнемдеу үшін "Қазәуеқұтқарудан" көмек сұрауға шешім қабылданды. Дегенмен, жақын маңдағы Алматы құтқару қызметінің қызметкерлері зардап шегушінің алдынан шығу үшін алға жүре берді.

"Биіктен шолу нәтиже бермеді, РЖҚЖ қызметкерлері тауға жаяу көтерілуді жалғастырды. Іздестіру-құтқару жұмыстары күннің қараңғы уақытында және таулы рельефте қиындады. Табылған жәбірленушінің аяқ-қолы мен басы жарақаттанған, ол қатты тоңып қалған", - делінген ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Құтқарушылар тау басынан құлаған ер адамды жылы киіммен орап, Апаттар медицина орталығына автокөлікпен жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"