ТАЛДЫҚОРҒАНДА ТҮН ОРТАСЫНДА ЦЕХ ЖАРЫЛЫП, ҮШ АДАМ АУРУХАНАҒА ТҮСТІ

Уақыты: 25.08.2021
Оқылды: 1223
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанда цех өртеніп, үш адам зардап шекті. Оның біреуінің денсаулық жағдайы нашар. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

«25 тамызда сағат 03:25-те Талдықорған қаласы Медеу көшесінде автокөлік шинасын қайта өңдеу цехы аумағында сыйымдылығы 5 текше метр (ашық шатыр астында орналасқан), шиналардың вакуумдық пиролизіне арналған резервуардың жарылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Одан әрі 80 шаршы метр ашық шатыр астында орналасқан ескі шиналар өртенді», - делінген Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Оқыс оқиғадан цехтың 3 қызметкері зардап шекті. Олар 59, 52 және 43 жастағы ер адамдар. Екеуінің жағдайы орташа, ал 43 жастағы адамның жағдайы ауыр. Үшеуі де Талдықорған қаласындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді. "Өрт сағат таңғы 04.27-де оқшауланып, сағат 04.49-да толығымен сөндірілді. Оқиға орнына Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінен 24 қызметкер мен 9 техника, қалалық полиция басқармасынан 10 қызметкер мен 4 техника, жедел медициналық жәрдем бригадасынан 6 қызметкер мен 2 техника; су арнасынан 4 қызметкер мен 2 техника; электр желісінен 4 қызметкер мен 2 бірлік техника шықты", - деді төтенше жағдай қызметінің өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"