АТА ЗАҢНЫҢ ӘР ТАРМАҒЫ ЕЛ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚОРҒАУ МАҚСАТЫНДА ЖАЗЫЛҒАН

Уақыты: 30.08.2021
Оқылды: 1254
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тәуелсіз елдің тірегі – Ата Заң. Конституциямызды ресми қабылдаған күн әрбір Қазақстан азаматы үшін маңызды болуы хақ. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен бірге жасасып келе жатқан Ата Заң – талай тарихи өткелдердің куәсі.

Ата Заң адамның құқығы мен бостандығын қорғау мен іске асырудың, материалдық әл-ауқатын жақсарту, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудың, құқық тәртібі мен заңдылықты орнықтырудың міндетті түрде орындалуға тиіс шарты болып табылады. Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің жол көрсетушісі. Заңдық нормалардың сақталуы елді басқарудың әлеуетін арттырып, ел экономикасына да зор үлесін қосады. Конституцияны басшылыққа алған Қазақстан халқының бірге еңбек етуінің нәтижесінде қаржы-экономикалық дағдарысқа да қажетті тосқауыл қойылуда. 

Мемлекет әлеуметтік бағдарламалар арқылы жағдайы ауыр азаматтарға өтемақылармен қолдау көрсетуде. Мемлекеттің мұндай конституциялық рөлі барлық әлеуметтік, экономикалық саясатты қайта қарауға мәжбүр еткен қаржылық-экономикалық дағдарыс кезеңінде өзінің тиімділігін байқатты. Ең бастысы, бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан ел болу жолындағы басты міндеттердің бірі – Конституцияның қадірін арттыру. Конституцияда әр бап, әр тармақ еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында жазылды. 

Қазір сот жүйесі қоғамның тұрақты, сенімді құқықтық кепілдігіне айналды деп айтуға толық болады. Қазақ елінің азаматтары өз құқықтарын біліп, әр кезде заң тұрғысынан өз құқықтарын алға тарта алуы үшін құрылды. Нәтижесінде еліміз сырттай және іштей экономикамызды көтеріп, дамыған отыз елдің қатарына кірер деген үлкен сенімдемін. 

Осындай айтулы мерекемізде еліміз тек алдыңғы қатардан көрініп, болашақта үлкен жетістіктерге жетеді деген ойдамын. Ата Заңымыз ел игілігіне жұмыс істейтін, халық тұрақтылығына жауапты уәкілетті құжат. Көк Туымыз көк аспанда желбіреп, тұғырлы еліміздің тәуелсіздігі мәңгі болғай! 

Елімізді, жетістіктерімізді қалай құрметтесек, Ата Заңымызды солай аялауымыз керек. Осыған орай облыс жұртшылығын, заңгерлер қауымын, жалпы елімізді айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! 

Аманжол АБДРАХМАНОВ,

Алматы облысы әділет департаментінің басшысы

Сурет ғаламтордан алынды