ЖҮРЕКТЕ СЫЗЫ ҚАЛДЫ: СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ ПОЛИГОНЫНЫҢ ЖАБЫЛҒАНЫНА - 30 ЖЫЛ

Уақыты: 29.08.2021
Оқылды: 1508
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ғасырлар бойы өркениеттер мен мәдениеттер тоғысын басынан өткерген Ұлы Дала талай зардапты шегіп, көптеген қиянат көрді. Бір ғана КСРО кезеңінде 70 жыл бойы орталықты астықпен, етпен қамтамасыз еткен қазақ жері түрлі сынақтардың алаңына айналды. Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Омарханұлы сынды ұлт руханиятының ұстынына айналған азаматтар дүниеге келген Семейдің ядролық бомбаны сынақтан өткізетін полигон болғаны айтқанымызға дәлел. Сол полигонның жабылып, күллі әлемнің назарына түскеніне тамыз айының 29 күні 30 жыл толады.

1991 жылы күллі әлемге жабылғаны жарияланған Семей полигонының шындығын жарты әлемге паш ету үшін біраз тер төгіліп, үлкен еңбек атқарылды. Орыс тіліндегі түркілік сөздердің түп атасын таныстырған әйгілі ақын Олжас Сүлейменовтің бастамасымен жұмыс жүргізген «Невада – Семей» қозғалысы ядролық сынақтардың жалпы саны 456 жарылысқа жеткенін, соның 116-сы ашық кеңістікте, жер бетінде немесе ауада жарылғанын дәлелдеп бақты. Соның арқасында Кеңестік идеологияның теріс пиғылы белгілі болды.

Семей полигонында 1949 жылы 29 тамызда басталған ядролық сынақтардың зардабының өлшеусіз болғанын халық қозғалыс таратқан мәліметтен білді. Кеңес басшылығының қазақ даласының құнарлы бір аймағын атом бомбасын сынауға арналған полигонға айналдырып, жергілікті ел-жұртты өлімге шімірікпестен қиғанын осы күні бағамдап біліп отырмыз.

Неше жыл бойы жүрген сынақтың кесірінен дүниеге кемтар балалар келіп, ел ішінде түрлі ауру таралды. Мал екеш малдың өзі төлін құбыжық кейіпте туғанын көз көрді, қасіретке тең сынақтың зардабынан Семей даласы қан құсып жатты. Ұрпағының болашағына алаңдаған жергілікті халық көршілес аймақтарға жеделдетіп көшіп жатты. Сол көш әлі тоқтамады деуге болады. Семей полигонынан зардап шеккен, денсаулығынан айырылған бұқараның бүгінгі ұрпағының бойында сол күндердің үрейі, қорқынышы сақталған.

1989 жылдың қақаған ақпанында өз жұмысын бастаған «Невада – Семей» қозғалысы алғашқы митингісін өткізіп, зиянды әрі улы заттардың қосындысынан шегетін зардап тек Ұлы Дала халқына ғана емес, күллі әлемнің жұртшылығына тиесілі екендігін дәлелдеуге тырысты. Үлкен еңбек, қайтпас қайсар мінездің арқасында  ядролық сынаққа мораторий жариялау жөніндегі ұсыныс КСРО және АҚШ елдерінің басшылығына үндеу ретінде жолданды.

Тамшы да тасты теседі. Халықтың көз жасына суарылған аса өзекті мәселенің көтерілуі көгілдір ғаламшар – Жер шарындағы мемлекеттердің алаңдауын тудырды. Соның әсерінен болар, КСРО үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий қабылдауға шешім шығарды. Арада бірер жылдан соң өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасының егемендік туралы Декларациясына ел аумағы ядросыз аймақ екендігі жазылды.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 1991 жылы 28 тамызда Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Сол арқылы қазақ елі ядролық қарудан бас тартқан бейбіт мемлекет ретінде әлемге танылды. Семей полигоны жабылған соң Ресей, Франция, АҚШ сынды алпауыт мемлекеттер ядролық қаруды сынауға мораторий жариялап, халқының күпті көңілін жайландырды.

Шынында күллі адамзатқа ортақ уайым – болашақ ұрпақтың амандығына алаңдаушылық жер бетіндегі тыныштықтың, бейбітшіліктің тұрақтануына ықпал етті. Өйткені, КСРО мен АҚШ арасындағы қырғиқабақ соғыстың кесірінен атом бомбасын жасау белең алған кезеңнің зардабы талай жанның ғұмырын жалмап, кең-байтақ қазақ даласын қанқасапқа айналдырған болатын. Бір атом бомбасының жарылысы айналасы 500 шақырым қашықтықтың табиғатын жалмап, тірі жан атаулыны жалынға орайтыны белгілі. Сондықтан «Невада – Семей» қозғалысы қолға алған ядролық сынақтарды тоқтату мәселесі күн тәртібінен түспейді. Биыл жабылғанына 30 жыл толып отырған Семей полигонының зардабы қазақ халқының санасынан еш өшпек емес.

Өткенге салауат, тіріге тіршілік керек. Келер күндеріміздің жарқын болуын, еліміздің тыныштықта, бейбітшілікте күн кешуін, халқымыздың амандықта, есендікте өмір сүруін тілейміз!

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы