БАЛҚАШТА ТҮНДЕ СУҒА ТҮСКЕН ЕР АДАМ ЕКІ САҒАТТАН КЕЙІН ӘЗЕР ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 29.08.2021
Оқылды: 1125
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Балқаш жағалауында түнгі уақытта суға түскен ер адам жоғалып кетіп, екі сағаттан кейін табылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

"Сарқан ауданына қарасты Балқаш көлінің жағалауында, "Қарашыған" учаскесінде жедел-құтқару жасағының құтқарушылары күшімен 1985 жылы туған ер адамды іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. Сағат 19:50-де Алматы облысы ТЖД кезекші байланыс пультіне ер адамның туыстарынан ер адамның жағадан автомобиль дөңгелегінен үрленген камерада жүзіп кеткені және әлі күнге дейін оралмағаны туралы хабарлама келіп түсті. Құтқарушылар тез арада оны моторлы қайықпен іздеуге аттанды. "Қарашыған" учаскесі Сарқан аймағының құтқару станциясынан 38 шақырым қашықтықта орналасқан. Түнгі уақытта сағат 22:10-да ер адам Балқаш көлінің жағасынан табылды. Абырой болғанда, ілеспе жел оны жағаға шығарды және азамат қайғылы жағдайға ұшыраған жоқ. Медициналық көмек қажет болған жоқ", - делінген аталмыш департаменттің хабарламасында.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтардан мынадай қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды:

- Түнгі уақытта шомылмаңыз.
- Жүзу үшін тақталарды, бөренелерді, үй құрылғыларын пайдаланбаңыз.
- Жағадан алыс жерде үрлемелі матрастарда немесе камераларда жүзбеңіз.
- Бейтаныс жерде шомылмаңыз және суға түспеңіз. Суда жүзушілерді ұстап алып, ойын ойнап, тентектікке жол бермеңіз.
- Қатты ағысы бар тік жағалауларда, батпақты және өсімдіктермен толып жатқан жерлерде шомылмаңыз.
- Күшті ағыспен күреспеңіз. Оны жағаға жақындау үшін қолданыңыз. Ешқашан бұрылыстарда жүзуге болмайтынын естен шығармаңыз.
- Егер судың температурасы +18С төмен болса, шомылмаңыз.
- Балаларға суға құлап кетуге болатын жерде ойнауға рұқсат бермеңіз.
- Шомылу кезінде кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз.
- Тек рұқсат етілген жерлерде шомылыңыз. Суға мас күйінде кірмеңіз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"