ТЕКЕЛІДЕ 36 ЖАСТАҒЫ ТУРИСТ АЯҒЫН ҚАЙЫРЫП АЛЫП, ТАУ ІШІНДЕ ҚАЛЫП ҚОЙДЫ

Уақыты: 30.08.2021
Оқылды: 1174
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текелідегі шатқалдардың бірінде саяхатқа шыққан турист аяғын қайырып алып, не ілгері, не кейін жүруге шамасы келмей, сай ішінде қалып қойды. Көмекке мұқтаж жанға Алматы облысының төтенше жағдай қызметкерлері қол ұшын созды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Сағат 16:30-да Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне Текелі қаласының Шеркесай шатқалы маңында 1985 жылы туған ер адам аяғын қайырып алып, көмекке мұқтаж болып отырғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД қызметкерлері дереу шықты. Оқиға орнына келгеннен кейін Талдықорған қаласының тұрғыны өзінің бес досымен Текелі тауларындағы демалыс базасына турист ретінде келгені анықталды.

Демалушылар жоғарыға көлікпен шықпақ болған. Бірақ көлік бұзылып қалып, туристер ауыр рюкзактарымен жоғары көтерілген. Олар тау шыңына қауіпсіз шыққан. Қайтадан түсер кезде туристің бірі аяғы жарақаттанған. Ұялы байланыстың көмегімен туристер құтқару қызметіне қоңырау шалып, көмек сұраған. Үш ер адам өздігінен таудан түсіп, біреуі зардап шеккен досымен бірге құтқарушыларды күткен.

Департамент қызметкерлері зардап шеккен ер адамды Текелі қаласының ауруханасына жеткізді, онда оған медициналық көмек көрсетілді. Ер адам құтқарушыларға алғысын білдірді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"