ТЕКЕЛІДЕ КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ӨРТЕНІП, БАЛАЛАР ТЕРЕЗЕДЕН ШЫҒАРЫЛДЫ

Уақыты: 08.09.2021
Оқылды: 1060
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Текелі қаласында төрт қабатты тұрғын үйдің бірінде өрт шықты. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Өрт туралы хабарлама сағат 16.10-да келіп түскен. «Жоғары дәрежелі шақырту бойынша Текелі, Талдықорған қалаларының және Қарабұлақ ауылының өрт сөндіру бөлімшелерінің жасақтары дереу жіберілді. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері шақырту орнына белгіленген нормативтік уақытта келді. Пәтердің терезесінен жалын байқалды, сондай-ақ, барлау барысында тұрғындарды эвакуациялау жолдары қою түтін және ыстық болғаны анықталды. Өрт көрші пәтерлер мен ғимараттарға қауіп төндірді», - делінген ресми хабарламада.

Төтенше жағдай қызметкерлері бір мезгілде өртті сөндіре отырып, азаматтарды құтқару және эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастырды. «Өрт болған жерден 6 адам құтқарылды, оның ішінде, үшеуі бала. Сондай-ақ, жалпы тұрғын үйден 11 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланды. Өрт ғимараттың шатырына және көрші пәтерлерге таралуына жол берілмеді. Сағат 16.48-де 16 шаршы метрді шарпыған өрт сөндірілді (3-қабатта, екі бөлмелі пәтер ішінде жиһаз бен зат жанды). Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеді», - деді өрт сөндірушілер.

Қазір өрт қалай шыққаны анықталып жатыр. Оқиға орнына Алматы облысы өрт-сынақ зертханасы жіберілді. Өртті сөндіруге 11 қызметкер, 4 техникасы, «Өрт сөндіруші» ЖШС-ның 3 қызметкері мен 1 техникасы, Текелі қалалық полиция бөлімінің 3 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"