ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА 27 АДАМ ЖОЛ АПАТЫНАН ҚАЗА ТАПҚАН

Уақыты: 08.09.2021
Оқылды: 1139
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еңбекшіқазақ ауданының полицейлері жасөспірім балалардың жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақаттануының алдын алу бойынша алғышарттарымен бөлісті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Еңбекшіқазақ ауданы аумағында 8 айдың қорытындысы бойынша 187 жол-көлік оқиғасы орын алса, осы орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан 27 адам қаза болып, 273 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. Ең өкініштісі, оның 32-сі жасөспірім.

Атап өткен факторларға жол бермеу үшін Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы басқа да осы жол қауіпсіздігіне тікелей қатысты мекемелермен бірлесе отырып, 5 дана патрульдік автокөліктің, жолды жүгіріп өтпек болып тұрған 70 оқушы бейнесі белгіленген макетті, 47 дыбыс-шуын шығаратын жолақтарды, 55 жасанды теңсіздік бөгетін, 154 әртүрлі қауіптілікті ескертетін жол белгісін және 4 жаяу жүргіншілер өткеліне жарық шамын орнатты. Сонымен қатар, Есік қаласы бойынша қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін аудандық полиция басқармасының жеке құрамы және Ұлттық ұлан әскери бөлімінің сарбаздарымен кешкі мезгілде, жаяу патруль және автопатруль жасақтары аптасына 4 күн қызметке түсуде.

- Осы орайда, басты назарды жасөспірім балалардың жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақаттануының алдын алуға аударғым келеді. Және бұл мәселенің барлық қоғам болып шешілетіндігін атап өткен жөн. Сол себепті, мектепке барар жолда немесе одан шыққан кезде балалармен көшедегі қауіпсіздік, тәртіп, түзу жүру туралы сөйлесіңіз. Көшедегі тәртіп жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігінің кепілі, оны балаға өз үлгіңізбен дәлелдеңіз. Баланың өмірі мен денсаулығына қамқорлық жасаңыз, олар бәріміздің баға жетпес қазынамыз, - дейді Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Ғалымжан Лекеров.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"